Қазір жаһан көз тігіп отырған басты саяси оқиға Ресей мен Украина арасындағы текетірес. Сәйкесінше, ең басты сұрақ үшінші дүниежүзілік соғыс бола ма, жоқ па? Бұл жайында jananews.kz талдау жасады.

JANA-Qazaqstan. Путин айтқанынан қайтар емес, Зеленский де әлемдік қауымдастыққа арқа сүйеп саяси ойынның көркін қыздырып отыр. Әуелде шоумен еді, енді шу-men ретінде жарнамасын жақсартып алды. Кім біледі, бәлкім расымен де ұлтын сүйген ұл шығар көп саясаткер оның ойынына сенбей отыр.

Ресейлік БАҚ «соғыс екі елге де керек емес, оның өртін тұтатып жатқан батыс» деп ақпар таратуда. Шын мәнінде саяси соғыс әлдеқашан басталып кеткен. Ұлыбританияның сыртқы істер министрі Лиз Трасс «Путин Украинаны ғана емес, бір кездегі КСРО елдерін бақылауға алғысы келеді. Украина соның басы» деген болжам жасады. Қайталап айтайық, бұл жәй ғана болжам.

Сыншы Амангелді Кеңшілікұлы әлем желідегі парақшасында: «Ресейде Қауіпсіздік кеңесінің отырысы өтіп жатыр. Жағдай қатерлі. Ресей мен Украина арасында соғыс басталатын сыңайы бар. Путиннің крышасы кетті. Адамзат баласы Үшінші дүниежүзілік соғыстың алдында тұр», – деп жазды.

Эффект Манделы телеграм каналының авторы болса «Соғыс Зеленскиге, Ресейге, тіпті, Батысқа да пайдалы. Өйткені, Украина жеңілсе Зеленский соғыс жағдайы болғасын тағы бір мерзімге сайланады. Ресей жеңетініне сенімді. Ал, Батыс қыруар пайдаға кенеледі», – дейді.

P.S: Біздіңше қару асынып, окоп жастанып, қан төгілетін соғыс болуы неғайбыл. Әуелде басталған саяси соғыс ақпараттық күш алып барады. Барлап отырсақ, соғыс әлдеқашан басталған. Жаһандық кеңістікте ақпараттық соғыс жүріп жатыр. Ол кімнің пайдасына екенін уақыт көрсетеді.