Әлем елдерінде Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған іс-шаралар ұйымдастырылады. Бұл туралы бүгін елордада өткен ұлт ұстазына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда мәлім болды.

JANA-Qazaqstan. Конференция барысында Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин бұл іс- шаралардың маңыздылығына тоқталып, Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы ұлттық күн тәртібінде тұрған ұлт руханияты үшін ауқымды тақырыптардың бірі екенін атап өтті.

«Халқымыз өзінің тарихында ерекше орны бар екі тұлғаны «Ұлт ұстазы» деп ардақтаған. Алдымен, әрине, ұлы Абайды айтамыз. Одан кейін Ахмет Байтұрсынұлының есімі аталады. Алаш көсемі, қазақтың біртуар перзенті Ахмет Байтұрсынұлының туғанына биыл 150 жыл толып отыр. Бұл мерейтойды ЮНЕСКО деңгейінде атап өтеміз. Тәуелсіздік ұлтымыздың жадын жаңғыртып, тарихи тамырымыздан қайтадан нәр алуымызға жол ашты. Бұл ретте ұлт ұстазының еңбегін зерделеп, оны мол мұрасын ұрпақ санасына сіңіру баршамызға ортақ міндет», – деді Е. Қарин.

Бұл орайда Мемлекеттік хатшы осыдан бір ғасыр бұрын қазақ халқы ұлт зиялыларының бастамасымен ғалымның 50 жылдығын атап өткенін еске салды.

«Содан бері тура бір ғасыр өтіп отыр. Бір ғасырдан кейін де Ахаң тағы да ұлтты ұйыстырып, ұлт зиялыларын бір жерге жинап отыр. Бұл да ұрпақтар сабақтастығының бір белгісі. Бүгін міне Ахаң аңсаған Тәуелсіз елдің ұрпақтары оның 150 жылдық мерейтойында бас қосып отыр», – деді Ерлан Қарин.

Оның айтуынша, ұлттық жаңғыру кезеңі жасампаз тұлғаларды тудырады.

«Дүниежүзінің тарихына зер салсақ, халықтар мен мемлекеттер реформатор тұлғалардың арқасында дамудың жаңа белестеріне көтерілген. Ахаң қазақ үшін осындай тұлға. Ахмет Байтұрсынұлы өмір сүрген дәуір мен қазіргі Тәуелсіздік заманын байланыстыратын ортақ мүдде – ұлттық болмысты сақтай отырып, өркениетті ел болу», – деді Мемлекеттік хатшы.

Сонымен қатар ол Ахмет Байтұрсынұлының қазақтың ұлт болып сақталып қалуы үшін тілге айрықша мән бергенін атап өтті. «Оның: «Егерде біз қазақ деген ұлт болып тұруды тілесек, қарнымыз ашпас қамын ойлағанда тіліміздің де сақталу қамын қатар ойлауымыз керек» деген сөздері – соның айқын дәлелі. Ахаң ұлттық әліпбиімізді әзірлеп, оқулықтар жазды, тіл ғылымына түрен салды. Тілдің ұлтты сақтаудағы орасан зор маңызын жұртымыздың санасы сіңіре отырып, қазақ тілін ғылымға бейімдеді. Осы тарихи еңбегінің арқасында ол қазақ тіл білімінің атасы, ұлт ұстазы атанды. Ахаң негізін қалаған тіл ғылымы оның есімін атауға тыйым салған кеңес дәуірінде де жаппай қолданыста болды», – деді Ерлан Қарин.