Қазақстан: екі айда жемқорлыққа қатысы бар 40 шенеунік
2 айдың ішінде 240 адамның, оның ішінде республикалық және облыстық деңгейдегі 40 басшының сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар екені әшкереленді.
JANA-Qazaqstan. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Олжас Бектенов айтты.
Ұсынылған деректерге сәйкес 2 айдың ішінде 240 адамның жемқорлыққа қатысы бар екені анықталды. Олардың 40-ы республикалық және облыстық деңгейдегі басшылар.
Күдікке ілінген шенеуніктер ішінде 1 вице-министр, 1 қала әкімі және облыстық басқармалардың 11 жетекшісі бар. Келтірілген шығынның орнын толтыру үшін күдіктілердің құны 5,4 миллиард теңге болатын мүлкіне тыйым салынған.
Айта кетейік, бұған дейін «Самұрық-Қазына», «Самұрық-Энерго» және «Қазақстан Темір жолы» басшылығына қатысты тергеу басталған еді. Олар лауазымдарын асыра пайдаланды деген күдікке ілінген.