Қазақстанның бірнеше қаласында әйелдердің зейнет жасын төмендетуді талап еткен белсенділер митинг өткізді. Ақтөбе қаласы да шет қалған жоқ. Мұнда өз талаптарын айтқан 5 әйел бұрынғы зейнет жасын қайтаруды сұрады.
JANA-Qazaqstan. Ольга Смирнова 8 наурызда митинг өткізуді сұрап, өтініш білдірген екен, алайда рұқсат бермепті. Себебі Мәдениет үйі алдындағы алаңда концерт өткен. Бұған қарамастан 5 әйел өз талаптарын айтып, Мәдениет үйі жанындағы саябаққа жиналған. Олар зейнет жасын 58 жасқа төмендетуді сұрады.
«Мен ауыр дертке шалдығып, ота жасаттым. Қазақстандағы әйелдер қозғалысын қолдағым келеді. Әйелдер зейнетке 58 жаста, көпбалалы аналар 55 жаста шығуы керек. Немеремізге қарап үлгермейміз. Жұмысқа алмайды, күшіміз жоқ. Балаларымыз жұмыс істесін, ал біз немеремізді қарап отырайық. Бізде көп әйелдер зейнетке де жетпейді, мысалы менің көршім 54 жасында көз жұмды. Мен 58 жаста зейнетке шығуды қолдаймын. Ер адамдар 63 жаста емес, 60 жаста зейнетке шықсын. Еркектер де ауырады», – деді митинг қатысушысы 53 жастағы Гүлниса.
Айжамал есімді әйел биыл 56 жасқа толған. Өз ойын айту үшін ол Алға қаласынан келген.
«Мен жұмыс істемеймін, еш жерге қабылдамайды. Барлық дәрігерде есепте тұрмын. Бұрын аула сыпырып, еден жуатын едім. Қазір мұндай жұмыс істей алмаймын. Бүгін осында жету үшін 500 теңгені қарызға алдым. Себебі өз ақшам жоқ, балаларымнан әр уақытта ақша сұрай алмаймын. Олардың да отбасылары бар», – деді ол.
Ал 58 жастағы Гүлнара жұмыс істемейді екен, бірақ зейнетке дейін әлі 5 жыл бар.
«Қызым бірінші топтағы мүгедек. Екі баласы бар. Қазір немерелерімді қараймын. Менің есебім бойынша, 63 жаста зейнетке шығуым керек. Әлі 5 жыл бар!», – деді Гүлнара.
Белсенді Ольга Смирнованың сөзінше, зейнет жасын өсіруге қатысты заңды қайта қарау керек. Қазақстан әйелдер қозғалысының мүшелері бұған арнап үш нұсқа да дайындаған.
«6 наурызда белсенділердің бірі қайтыс болды. Танзия Максимова-Кандыбина Шахтинск қаласынан, 63 жаста еді. Жаңа заң бойынша зейнет жасына жеткен. Зейнеткер бола тұра, біздің қозғалысты қолдайтын», – дейді Ольга Смирнова.
Өтіп бара жатқан бірнеше әйел белсенділерді қолдайтындарын айтқан.
Әйелдер плакаттарын аша салған сәтте бірнеше ер адам келіп, митингті ұялы телефонға түсіре бастаған. Әкімдік өкілі де келді. Алайда ешкімді тұтқындамаған және алаңды босату жайлы талап та болмапты. Митинг аяқталған соң әкімдік пен Мәдениет үйі атынан әйелдерге гүл сыйлады.