Шымкенттік балалар спорттың 71 түрі бойынша тегін жаттығады.

JANA-Qazaqstan. Балалардың спорттық әлеуетін арттыру мақсатында спорт үйірмелерін жүргізуге мемлекеттік тапсырыс берілуде. Осы тапсырыс аясында кәсіпкерлер спорттың 71 түрі бойынша қаржыландырылып, 4-18 жасқа дейінгі балалар өздерінің таңдауы бойынша спорт секцияларында тегін жаттыға алады.

«Кәсіпкерлердің басым бөлігі футбол, жүзу, таеквондо, каратэ, баскетбол және бокс спорт түрлеріне ұсыныс берген. 2022 жылы мемлекеттік тапсырысты іске асыруға жергілікті бюджеттен 2,3 млрд теңге қаралып, 14 мың баланы тегін спорттық секциямен қамту жоспарланып отыр. Жалпы жан басына қаржыландыру – спорт инфрақұрылымын дамытуға, салауатты өмір салтын белсенді насихаттауға және жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді», -дейді қалалық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бауыржан Тұманбаев.

Қазіргі таңда мемлекеттік спорт тапсырысына 922 кәсіпкерден өтінім түсіп, біліктілік іріктеуінен соң 85 кәсіпкерге оң шешім берілген.