Павлодарда жас қолөнершілер байқауы өтті.

JANA-Qazaqstan. Жастарды еңбекқорлық пен қолөнерге баулуды мақсат еткен шараға 10 мен 17 жас аралығындағы жасөспірімдер қатысты. Баянсұлу Құсайынова ұлттық нақыштағы бұйымдарға жаңашылдық енгізіпті. Көрмеге өзінің қолынан шыққан қуыршағы мен көрпе-жастықтарының шағын үлгісін әкелген. Ал Айсұлу Ермекова «Сырға салу» рәсіміне арнап тіккен заттарымен таныстырды. Балалардың қиялынан туындаған дүниелер көздің жауын алады. Фестиваль ұйымдастырушылары болса, қолөнер келешекте табыс көзіне айналуы тиіс дейді.

Мәлика Нахипова, қолөнер шебері:

– Бұл фестивальдың мақсаты жасөспірімдерді тек қана тігіске емес кәсіпкерлікке де тәрбиелеу. Өйткені біз наурызға қарсы тағы да жәрмеңке ұйымдастырсақ дейміз. Әр бала өзінің тіккен дүниесін өзі сатады. Біз еңбекқорлыққа үйретіп жатырмыз.

Байқау бірнеше кезеңді қамтыды. Үй тапсырмасы алдын ала берілген. «Менің қиялым» аталымында оқушылар ұлттық нақышта 4 бұйым дайындаған. Сонымен қатар «Үлгеріп қал» бөлімінде олар 4 түрлі ою-өрнек жасаудан сынға түсті. «Анасының көмекшісі» аталымында балалар аспаздық қырларын көрсетті.