Әлеуметтік желіде Еуразия экономикалық одағы мен Қытайдың тәуелсіз валюта-қаржылық жүйе жобасын құрастырып, жаңа ортақ валюта енгізетіні туралы ақпарат тараған болатын.
«Министрлер деңгейінде мұндай сұрақ талқыланған жоқ. Еуразия экономикалық одағында маңызды тақырыптар мен сауалдар талқыланатын арнайы алаңдар бар. Мысалы, ведомствоаралық органдар мен мемлекетаралық органдар. Еуразия экономикалық одағы аясында бұл сұрақ көтерілген жоқ», – деді Жамаубаев.
Министр қазақстандықтар мен БАҚ-ты тек ресми дереккөздеріне ғана сенуге шақырды.
«Біздің Telegram-арналарымыз бар: Ақордада, үкіметте және мемлекеттік органдарда да. Мен тұрғындарды даурықпауға және өсек-аянға байланысты жағдайды ушықтырмауға шақырамын», – деп түйіндеді ол.
Ресейлік басылымдардың мәліметінше, бұл мәселе 11 наурызда Еуразия экономикалық одағы мен Қытай халық университетінің өкілдері арасында видеоконференция режимінде талқыланған.