Елордада бетпердені міндетті түрде тағу режимі тек далада ғана тоқтатылды. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының бас санитарлық дәрігері Сархат Бейсенова мәлім етті

JANA-Qazaqstan.«Нұр-Сұлтан қаласы COVID-19 бойынша жағдайды тіркеу санының төмендеуін ескере отырып, 16 ақпаннан бастап «сары», ал 21 ақпаннан бастап эпидемиологиялық матрицаның «жасыл» аймағында орналасқан. Қалада тәулігіне алғашқы зертханалық расталған 3 жағдай тіркелді және өсім 0.01 пайызды құрады. Соңғы аптада COVID-19 бойынша 55 жағдай тіркелді. Алдыңғы аптамен салыстырғанда сырқаттанушылықтың 2,04 есе, яғни 100 мың тұрғынға шаққанда 9,2-ден 4,5-ке дейін төмендегені байқалады», – деді ол.

Оның атап өтуінше, коронавирус бойынша эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтануына байланысты республиканың Бас санитарлық дәрігері кейбір карантиндік шектеулерді алып тастау туралы шешім қабылдады. Бұл ретте әңгіме эпидемиологиялық қауіп-қатердің барлық аймақтарында, соның ішінде Нұр-Сұлтанда да көшеде міндетті бетперде режимін алып тастау туралы болып отыр.

«Алайда, 5 жасқа дейінгі балаларды, адамдардың тамақтану кезінде, сондай-ақ спорт сабақтарын өткізу кезеңдерін қоспағанда, жабық үй-жайлардың аумағында, яғни СОО-да, кинотеатрларда, фитнес клубтарда, қоғамдық тамақтану нысандарында және тағы басқаларында маскасыз кіруге және маскасыз жүруге жол берілмейді. Сонымен қатар, нысан әкімшілігі мен жауапты адамдар келушілер мен жұмысшылардың міндетті түрде бетперде киюін бақылауы керек. Бұдан басқа, біздің астанамыз кіретін»жасыл« және «сары» аймақтардағы барлық нысандарда «Ashyq» мобильдік қосымшасын қолдану субъектінің шешімі бойынша ерікті түрде, қызметіне шектеу қоймай жүзеге асырылады», – деді бас санитарлық дәрігер.

Осы ретте ол елорда тұрғындары мен қонақтарын қарапайым қауіпсіздік іс-шараларын ұмытпауға шақырды.

«Пандемия жағдайында өмір сүріп жатқанымызға, мінеки, екі жыл болды. Осы уақыт ішінде азаматтар өз әрекеттері үшін жауапкершілікті сезініп, барлық қауіпсіздік шараларын сақтауды үйренді деп ойлаймын. COVID-19-дан жалғыз қорғаныс-вакцинация болып қала бермек. Сондықтан иммунитетті нығайту үшін қайта вакцинациядан өтуге шақырамын», – деді Сархат Бейсенова.