АРМЫСЫЗ, ЖАҢА ОҚЫРМАН!
«Жаңа» сөзі тілге жеңіл, жүрекке жылы әрі құлаққа жағымды естіледі. Адамзат баласы жыл басын «Жаңа жыл» деп одан жақсылық күтеді. Сол бір сөздің өзінде ерекше құндылық, бәріне бірдей байқала бермейтін энергия бар. Ол жаңа дос, жаңа орта, мейлі жаңа зат болсын көзқарас пен сыйластық өзгеге қарағанда бір адым ілгері тұрады. Маңайымыздағы адамдардың дені кей-кейде «жаңа өмір бастағым келеді» деп «жаңа»-дан ерекше сый күтіп тұратыны біраз жайды аңғартатындай.
Жаңашылдықтан да жылылықтың лебі еседі. Жаңалық сөзінің түбірі де – жаңа. Топтап келгенде «жаңа» – әр азаматқа өзінше әсер сыйлайды. БАҚ бәйгесіне баптап қосқан жүйрігімізге біз де «JANA» деп атау бердік. Жаңашылдық пен жанашырлықтың туын көтереміз деп серт еттік! Қазақ баласы мен даласының ертеңі үшін аянбай еңбек етуге белді бекем байладық! «Jana» жаңалықтың жаршысы ғана емес, жоқ іздегеннің құбыласы, жарық іздегеннің шұғыласы болмақ. Әлем аузына түсерлік талай жобаны дайындап отырмыз. Ел іргесі аман тұрса дүйім жұрттың батасын алу үшін аянып қалмасымыз анық! Лайым солай болғай!