АҚШ президенті Джо Байден мінген ұшақ Брюссельге қонды, ол НАТО елдері басшыларымен бірқатар кездесу өткізеді деген жоспар бар.
JANA-Qazaqstan.Бейсенбіде Байден НАТО елдерінің кезектен тыс саммитіне қатысады деп жоспарланған. Басты тақырып Украинадағы жағдай болмақ. Украина президенті Владимир Зеленский Брюссель саммитіне қатысушыларға бейнебайланыс арқылы қосылып, сөз сөйлейді деп жоспарланған.
Еурокомиссия басшысы Урсула фон дер Ляйен отырыс алдында Еуроодақтың «Ресейге тәуелділігін азайтуға» ұмтылуы аясында Еуропалық одақ АҚШ-тан сұйытылған газ жеткізуге мүдделі екенін айтты.
«Мен президент Байденмен алдағы айларда АҚШ-тан ЕО-ға сұйытылған газ жеткізуді қалай ұйымдастыру керек екенін талқылаймын, бұл алдағы екі қыста қосымша жеткізілім бойынша келісімге келу мақсатында», – деді ЕК басшысы Еуропарламенттің жалпы отырысында депутаттар алдында сөйлеген сөзінде.
Еуроодақтағы жоғары лауазымды дереккөз саммитте еуропалық көшбасшылар Ресейдің газға төлемді рубльмен алу талабын да талқылайтынын жоққа шығармады.