Шағын бизнес қадағалау органдары тарапынан елеулі қиындықтарға тап болып отыр. Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында депутат Андрей Лукин мәлім етті.
JANA-Qazaqstan.Депутат бизнес өкілдері тексеру тағайындалған және жүргізілген кезде, оның ішінде мораторий мен карантин кезеңінде анықталған заң бұзушылыққа шағым айтқанын жеткізді.
«Шағын бизнес бақылау және қадағалау органдары тарапынан елеулі қиындықтарға тап болып отыр. 2020 жылы әрбір 3-ші тексеру шағын кәсіпкерлік субъектісінің қызметіне жасалды. Бұл ретте әрбір 5-ші тексеру кәсіпкерлердің құқықтарын бұза отырып жүргізілді. Осылайша, тиісті органдар кәсіпкерлердің қызметіне тексеру жүргізу кезінде олардың құқықтарын бұзудың 12 мыңнан астам дерегін анықтады», – деді Лукин Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына жолдаған сауалында.
Депутаттың айтуынша, заңсыз қозғалған 8 745 әкімшілік іс жүргізу, шектеу шараларын заңсыз қолданудың 2 665 фактісі, уәкілетті емес тұлғалардың 93 рет тексеру тағайындағаны, еш негізсіз 38 тексеру, өзге де 86 заң бұзушылық болғаны анықталды.
Сенатор Андрей Лукин осыған байланысты еліміздің Премьер-Министрінен орын алған заң бұзушылықтарды жоюға көмектесуді сұрады.
«Уәкілетті органдардың тексеру мен бақылаудың өзге де түрлері бойынша қызметін мемлекеттік бақылаудың уақтылылығын қамтамасыз ету, бақылау және қадағалау органдарының қызметіндегі бақылау іс-шараларын сапалы және тиімді жоспарлауды, оның ішінде тәуекелдерді бағалаудың ведомстволық жүйесін жетілдіру арқылы ұйымдастыруды, сондай-ақ кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласу фактілері бойынша қолданыстағы заңнамаға лауазымды адамдардың жауапкершілігін қатаңдатуға бағытталған өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде бастама жасау мүмкіндігін қарастыруды сұраймын», – деді сенатор өз сауалында.
Депутат сонымен қатар қарамағындағы қызметкерлердің іс-әрекетіне тиісті бақылауды қамтамасыз етпеген бақылау және қадағалау органдарының кінәлі лауазымды тұлғаларымен қатар орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар басшыларының да тәртіптік жауаптылығы туралы мәселені қарауды сұрады.