Атырау облысының Махамбет драма театры Алматы қаласына 5 күндік іс сапармен келіп, Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театрында есеп беру кешін өткізді.

JANA-Qazaqstan. Атыраулық театр көрермен назарына бес түрлі қойылымын ұсынып, журналистер мен көпшілік көкейіндегі өзекті сұрақтарға пресс конференцияда жауап берді. Пресс конференцияға журналистермен қатар театр сыншылары да қатысты.

Көрерменге ұсынылған алғашқы қойылым, көпшілік көңілінен шығып, қазақтың халық әртісі А. Әшімов театр ұжымына сәттілік тілеп батасын берді.

Әр түрлі жанрда қазақ және шетелдік авторлардың туындыларын сахналаған театр назарынан балаларға арналған қойылым да тыс қалмаған.

Есеп беру кеші Р. Отарбаевтың , «Жалғыздық» шер қойылымымен аяқталды. Қонақ ретінде еліміздің белгілі тұлғалары келіп театр ұжымына ақ тілектері мен алғыстарын жаудырды. Актёр, театр режиссері, Қазақ КСР Халық артисі Есмұхан Несіпбайұлы Обаев:
«Іс сапармен келіп, көрерменге ала келген барлық қойылымның мазмұны өте биік. Халық үшін,ел үшін,жер үшін, адам үшін іштегі мәселе ешқашан бітпейді. Сондай бір арпалыс кезінде адамдардың жүрегіне ой салып,тоқтау салып алып келген қойылымдар өте биік. Театрдың өсу өркендеуі тікелей режиссёрге байланысты. Ал бұл театрда жақсы режиссёрлер бар. Іс сапармен келіп біздерді мына көрермендерді қуантып жатқандарыңызға рақмет» -деді.

Қойылым авторы Р. Отарбаев жайлы да біраз естеліктер айтылып, жазушымен бірге жұмыс жасаған жақын досы оған арналған өлеңін көпшілікке оқып беріп, көзіне жас алды. Р. Отарбаевтың қызы да қойылымды тамашалап, айтылған тілектерге куә болды.

Сонымен қатар Әуезов театрының басшысы Атыраулық театр ұжымына кәде сый ретінде алғыс хат табыстап, бес күндік қойылымдардан жинақталған фото альбом сыйлап, осы іс сапар дәстүрге айналса екен деген тілегін білдірді.

Атап айтсақ Атыраулық театр
Т.Әлімқұлов, «Қош бол, Қараой!»
У.Шекспир, «Ричард ІІІ» ақиқаттың ізімен.
А.Галлан, «Аладдин» ертегі.
А.Чехов, «Апалы-сіңлілі үшеу» драма.
Р.Отарбаев, «Жалғыздық» шер. қойылымдарын сахналады