Ақтаудан 230 шақырым жердегі Бозащы түбегінде орналасқан Қаражанбас кен орнына қарама-қарсы жағадан жергілікті тұрғын 50-ге жуық итбалық өлексесін тапты.
JANA-Qazaqstan.Суреттер авторының айтуынша, өлген жануарлар жағаға ең жақын ұңғыманың сол жағында орналасқан. Ол итбалықтың өліміне Каспий теңізінің тайыздануы себеп болған деп есептейді.
Оқиғаның барлық мән-жайын зерттеу нәтижелері қосымша хабарланады.
Басылым атап өткендей, облыс тұрғындары Түпқараған ауданындағы Жығылған ойпаты аймағында Каспий шектен тыс таязданғанын байқап отыр. Бұл жерлерде су жағадан 60-70 метрдей алыстап кеткен.
2020 жылдың қарашасында Каспий итбалығы Қазақстанның Қызыл кітабына енген. Тиісті қаулыға Қазақстан премьер-министрі қол қойған еді.
Қазақстанда Қызыл кітапқа енген жануарды өлтіргені үшін 3 мың АЕК-ке дейін айыппұл немесе 800 сағатқа дейін түзету жұмыстары немесе үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Мамандардың айтуынша, Каспий итбалығының саны жыл сайын 3-4 пайызға азайып барады.