«Ресейді насихаттау символы»: 9 мамырда қазақстандықтар Георгий лентасын тағып жүрді
Алматы тұрғындары 9 мамырда Жеңіс күнін 28 гвардияшыл-панфиловшылар саябағында шерулетіп тойлады. Жиында жиналғандардың көбісі Георгий лентасымен көзге түсті. Stan.kz ақпарат агенттігі шарадан кадрлар жасап, Георгий лентасын тағып жүргендерден пікір алды.
JANA-Qazaqstan. Биыл қорғаныс министрлігі 7 мамыр Отан қорғаушылар күні мен 9 мамыр Жеңіс күнінде әскери шерудің өткізілмейтінін хабарлаған болатын. Есесіне елімізде әскери патриоттық іс-шаралар ұйымдастырылып, халық бабалар рухына тағзым етті.
Сонымен қатар Жеңіс күні қарсаңында көк лентамен қатар қоғамда түрлі пікір тудырып жүрген Георгий лентасын тағып жүргендер де кезікті.
Бұл лента алғаш Ресейде әулие Георгий кресті орденінде белгіленген. Бұл белгіні бұрындағы ресейлік матростар бас киіміндегі кресттің үстіне таққан. Георгий лентасы патшалық Ресейдің отарлау саясатының ескерткіші, рухы мен өзгенің жерін басып алуының символы саналған. Тарихта орыстардың түріктермен соғысы кезінде үздік әскерлер осы орденмен марапатталған. Одан кейін Орталық Азия жерлерін басып алуға атсалысқан жандар да осы орденді иеленген.
Георгий лентасы 1769 жылы 26 қарашада Екатерина II бекіткен ұрыс далаларында көрсеткен жеке ерлігі үшін берілетін Георгий орденінде пайда болды. Ондағы қызғылт сары түс – жалынды, ал қара түтінді білдіреді. Елде Георгий лентасын тағу акциясы 2005 жылы басталған. Жалпы қоғам оны жақсы қабылдады.
Ал 2014 жылы Георгий лентасы Украинаның шығысындағы ресейшіл белсенділердің іс жүзіндегі ресми эмблемасына айналған. Осыған байланысты көпшілік оны теріс қабылдады. Посткеңестіктік елдер оны Ресейдің үгіт-насихаттың нышаны санап, қолданудан бас тарта бастады.
Жеңіс күнінде тәуелсіздігіміздің, ашық аспанымыздың символына айналған көк түс белгісімен лента таққандардың қарасы да аз болған жоқ. Тұрғындар қандай белгі тақса да, ең бастысы, Жеңіс күніндегі жемісті күндеріміз көп болғай!