Өткен бейсенбі Мемлекет басшысы Ұлытау төрінде Ұлттық құрылтай өткізді. Ел назарында жүрген талайды жиып келелі кеңес құрды. Жұма күні Ресейде өткен экономикалық форумда сөйлеген сөзі ресейліктерден басқасын қуантып тастады. Тоқаевтан кейін БАҚ назарына түскен Санжар Боқаев болды. 18 маусым күні саясаттанушы Санжар Боқаевтың бастамасымен «Namys» партиясының І съезді өтті. Осылайша, осы аптаның басты жаңалықтары Тоқаев пен Боқаевтан өрбіді.
Утиль алым және елдің саяси-экономикалық мәселелерін көтеріп жүрген «Namys» бастамашыл тобы саяси партия құрмақшы.
Аталған съезге адам ойлағаннан аз жиналған секілді. Бұл, бұқара халықтың саяси ойыншыларға сенбегені ме, әлде басқа астары бар ма? Съезд барысында да, мінбердегі партиялар секілді үлкен сөз бен жылы жабар дүниелердің жарысы болған секілді. Ұлт құрар, идеология қалыптасар фундаменталды дүниелердің болмағаны, қазақ тілді электорат алдында жылы қабылданған жоқ. Бұны желідегі жазбалардан байқауға болады.
Боқаев жайлы отандық және шетелдік БАҚ-та түрлі мақала жазылуда. Қатарында мақтау да, даттау да бар. Оны өзі «біреулер мені аяқтан шалғысы келеді» деген сарында түсіндіріпті. Марқұм Михайл Задорнов «Әріптесіңе, сатып алушыға, сатушыға айтқан өтірік – алаяқтық, халыққа айтылған өтірік – саясат» дейтін-ді. Кім білсін, бұл мақалаларды жазуға Санжардың өзі тапсырыс берген де шығар?! Бүгінгідей алмағайып заманда Задорновтың айтқанын естен шығармаған жөн.