БҚО-да Тау ауылдық округінің әкімі Нұрлыбек Төрешов жол апатынан қаза тапты.

JANA-Qazaqstan.БҚО Полиция департаменті баспасөз қызметі мәліметінше, жол апаты 23 маусымда сағат 1:50-де Жәнібек-Талов тасжолының 25-шақырымында, Тау ауылының маңында болған.

«Volkswagen Polo жүргізушісі рөлді басқара алмай, көлік шұңқырға құлап кетті. Салонда бір адам болған. Ол алған жарақаттарынан оқиға орнында қаза тапты. Марқұмның денесі сот-медициналық сараптамаға жіберілді», – деп түсіндірді ведомство өкілі.

Марқұм Тау ауылдық округінің әкімі болып жұмыс істеген. 34 жастағы Нұрлыбек Төрешовтің артында әйелі мен төрт баласы қалды.

«Ауылдық округтердің ең үздік әкімдерінің бірі болды. Бұл – орны толмас қаза. Ол кеше ғана мемлекеттік қызмет күніне арналған барлық іс-шараға қатысты», – деді Жәнібек аудандық Ішкі саясат бөлімінің қызметкері.

Оқиғаға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 3-бөлігі «Жол қозғалысы ережелерін бұзу» бойынша соталды тергеу жүргізіліп жатыр.