Мысырдың Хургада қаласында тағы бір әйел акула құрбаны болды. Жергілікті билік оқиғаны ғылыми талдауға кірісті.
JANA-Qazaqstan.Қазіргі уақытта қайғылы оқиға болған ауданда барлық мекеменің қызметі уақытша тоқтатылды. Бұл туралы Мысырдың Қоршаған ортаны қорғау министрлігі Facebook желісінде хабарлады.
Министр Ясмин Фуадтың айтуынша, екі әйел де Сахли Хашиш курорттық аймағында акула шабуылынан қаза болған. Ол ерекше қорғалатын табиғи аумақтар бойынша мамандардан жұмыс тобы құрылғанын атап өтті.
«Қоршаған ортаны қорғау министрлігі қайғылы жағдайдың мән-жайын зерттеуге маманданған жұмыс тобы акуланың екі әйелге шабуылдауының нақты себептерін анықтау бойынша өз міндетін орындауда екенін растайды», – делінген министрлік хабарламасында.
Gazeta мәліметінше, Хургада тұрғыны акуланың екінші құрбаны екі күн бұрын қаза болған болуы мүмкін екенін айтқан. Себебі дәл сол кезде қонақүйлердің бірінде қонақ жоғалып кеткені байқалған.
Алдын ала мәлімет бойынша, екінші құрбан Румыния азаматы болуы мүмкін.
Бұл ретте Румынияның Сыртқы істер министрлігі Каирдегі дипломатиялық өкілдікке 3 шілдеде туристік агенттен Хургада курортында демалыс кезінде румыниялық азамат қайтыс болғаны туралы телефон хабарламасы келгені белгілі болды.
«Мысырдың құзырлы органдары таратқан ақпаратқа сәйкес, жүргізілген тексерулер нәтижесінде румын азаматының өліміне акуланың шабуылы себеп болғаны анықталды», – делінген Румыния СІМ сайтында.