Алматы қаласы Жеке сот орындаушылар палатасының ұжымы Айт мейрамы қарсаңында қайырымдылық акциясын өткізді. 

Қамқоршысынан айырылған, көпбалалы және тұрмысы төмен қырықтан астам отбасыға азық-түлік себеттері таратылды. Тұрмысқа ең қажетті ұн, май, қант іспетті өнімдер мұқтаж азаматтардың үйді-үйіне жеткізілді. Палата басшысының орынбасары Ғани Ізбасарұлының айтуына қарағанда ұжым қайырымды істерге жиі мұрындық болатын көрінеді.

«Біз бұған дейін 2022 жылдың соңында, өткен Рамазан қарсаңында осындай қайырымдылық шарасын өткіздік. Ондағы мақсатымыз тұрмыс жағдайы төмен отбасыларға аз да болса көңіл бөліп, назар аудару. Өндірісімізге алимент туралы іс өте көп келеді. 4-5 баласымен жалғыз қалған қаракөз қыздарымызға қарап жүрегің ауырады. Ер азаматтары асыраудан бас тартқан қанша отбасы бар. Соларға күнде болмаса да қайырымдылық жасап тұрған жөн», – дейді Ғани Ізбасарұлы.