ҚР Канададағы Елшілігінің бастамасымен «Nutrien», «Teck Resources», «Barrick Gold», «Hatch», «B2Gold» және «Cameco Corporation» өнеркәсіп алыптары Қазақстан үкіметімен келіссөздер жүргізу және «Astana Mining & Metallurgy» тау-кен металлургия конгресіне қатысу үшін Қазақстанға келді.
Канадалық бизнес өкілдері ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі М. Қарабаевпен кездесулер өткізіп, тау-кен металлургия Конгресінің стратегиялық және бірқатар техникалық сессияларының жұмысына қатысты. 50-ге жуық B2B кездесулер перспективалы жобаларды іске асыруға және Қазақстан аумағында бүкіл Орталық Азия өңірі үшін тау-кен компанияларының Солтүстік Америка хабын құру жөніндегі бастаманы талқылауға арналды.
Канадалық бизнес-миссияның қатысушылары жер қойнауын пайдалану саласында жүргізіліп жатқан қазақстандық реформалардың барысын, сондай-ақ мемлекет пен бизнестің геологиялық саланы дамыту жөніндегі бірлескен күш-жігерін оң бағалады.
«Қазақстанның ресурстық әлеуеті толық ашылмаған және айтарлықтай тәжірибесі мен озық технологиялары бар канадалық компаниялар бұл процеске ықпал ете алады», – деп хабарлады канадалық кәсіпкерлер.
Конгресс барысында Астанада екі елдің бизнес өкілдерінің белсенді қатысуымен «табиғи ресурстарды өндіру және өңдеу саласындағы қазақстан-канада ынтымақтастығы» атты арнайы сессия өтті. Сессия бағдарламасына ИИДМ, СІМ, АХҚО және Қазтрейд басшылығының, сондай-ақ түрлі бизнес-қауымдастықтар мен қаржы секторының өкілдерінің сөз сөйлеуі мен презентациялары кірді.