Дамыған елдердің зерттеулері бойынша мектептен тыс және жазғы каникул кезеңдеріндегі балаларға қосымша білім берудің барлық түрлері балалардың психологиялық және жан-жақты дамуы үшін аса маңызды екенін растайды.
Өйткені балалардың қосымша білім алуына, өнер үйренуіне ең қолайлы шақ және ыңғайлы бос уақыт жаз мезгілі болып табылады. Бос уақыты көбірек болады, тапсырмаларды мұқият орындай алады, тағысын тағы. Сондықтан осы мезгілде өнімді жұмыс істеуге тырысамыз.
Дәстүр бойынша бүгінде мектепішілік лагердің балаларын қабылдап, үйірмелерге бөлу жұмыстарын жүргізудеміз.
Мысалы, биылғы жазда балалардың барлығы шахмат, сурет, бисер тоқу, би үйірмелеріне қамтылуда.
Мәселен, жуырда ғана «Күн әлемі» халықтық би ансамблінің жетекшісі Абдиманан Мадина Асметуллақызы үйірмеге келіп жүрген жастарға «Биле, жаз!» атты тақырыбында интерактивті ойын түріндегі сабақ өткізді. Ондағы мақсатымыз түрлі биді үйрету арқылы жас ұрпаққа түрлі бидің қыр-сырын үйрету, сазды әуен мен би ырғағын түсіндіру, эстетикалық талғамының жоғары болуына тәрбиелеу болды.
Ансамбль жетекшісі балаларға бишінің қозғалысы мен дене қимылы арқылы көркем образды бейнелейтін, ұлттық сахна өнері жайлы мағлұмат бере отырып олардың таным көкжиегін кеңитеді. «Күн әлемі» халықтық би ансамблінің жетекшісі Мадина Асметуллақызының артықшылығы әр сабақта балаларға арналған би қойылымдарын, оның мазмұны мен бейнелерін ерекше таңдап, би қимылдарын жеңілдетіп, түсінікті етіп, ойластырып, биге қатысушылармен жүйелі түрде жұмыс жүргізеді. Би де мәдниеттің ең биік көрінісі.
Би өнері балаларды әдемілікке, төзімділікке, жинақтылыққа тәрбиелейді, өз ұлтымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан би мұрасы арқылы олардың тыныс-тіршілігін танып білуге жетелейді.
Өткен жылдарда Оқушылар үйінде отыздан астам үйірме болған болса, осы жылы тағы да қосымша үйірмелер қосып оның санын арттырып жатырмыз.
Әрине, жас ұрпақтың, жастардың рухани және мәдени статусын көтеруге, адамгершілікке баулуға арналған көптеген жобаларды бастап іске асырудамыз. Баланы жан-жақты дамыту үшін түрлі методиканы қажет етеді. Жоғарыда айтқанымдай өткен оқу жылында бірнеше жоба әзірлегенбіз.
Соның бірі – «Үйірмеге қатысу арқылы кітапқа жақындату» жобасы. Осы жоба аясында, Бостандық ауданында орналасқан №29 кітапханамен бірлесіп бірқатар үйірмені оның ішінде тоғызқұмалақ, шахмат, қолөнер шеберлік сағаттарын кітапхана базасында өткізу туралы мемарандум жасасқан едік. Ондағы басты мақсатымыз үйірмелер арқылы бүгінгі жас ұрпақты кітап оқуға баулу. Кітапханаға келген жас бала міндетті түрде қолына кітап ұстайды, оны ашып парақтайды. Сол арқылы баланың оқуға қызығушылығы оянады.
Бұл жобамызда іске асып, осы 2022-2023 оқу жылында кітапханаға 200-ден аса баланы қамтыдық. Сол Орбита ықшам ауданындағы көптеген ата-аналар да балалары арқылы кітапханадан жайлы рухани орындарын таба білді.
Өйткені, жас ұрпағымызды рухани адамгершілікке тәрбиелеу, болашағына жол сілтеу білім берумен шектелмеуі керек. Олардың сезіміне әсер ету арқылы, зияткерлік қабілетін ояту да баса мән берілуі керек жайт. Біздер Оқушылар үйінде баланың бейіміне қарап, оларға барынша жүйелі дүниені үйретеміз. Олардың қызығушылықтарына қарай үйірмелер де түрленіп отырады. Кейде ата-аналар тарапынан да ұсыныс пен сұраныстар түсіп жататыны бар. Біз толықтай ашықтық саясатын ұстанып балаға да, ата-аналарға да жақын әрі қолжетімді болуға тырысамыз. Қосымша білім саласын дамыту аясында атқарып жатқан ісіміздің бір парасы осы.
Алматы қаласы
Білім басқармасы
№3 Оқушылар үйінің директоры
Ербошаев Ермек Бақытбекұлы