Ұлттық домбыра күні ASSYL DOMBYRA ақындар айтысының жеңімпазы мен жүлдегерлері анықталды.
Айтыстың іріктеу кезеңдері осы жылдың мамыр, маусым айларында Семей және Атырау облысының Құлсары қаласында өткен болатын.
Додаға Атырау облысы, Жамбыл облысы, Шығыс Қазақстан облысы, Абай облысы, Ақтөбе, Жетісу, Орал, Алматы, Астана, Шымкент, Павлодар қалаларының ақындары қатысты. 16 ақыннан құралған 8 жұп бәйгеге түсті.
Айтыстың тізгіншісі айтыскер ақын, мәжіліс депутаты Ринат Заитов болса, қазылар алқасының құрамында Берік Уәли, Алтынбек Қоразбаев, Серік Елікбай, Серік Қалиев, Ұлықбек Есдәулет сынды ел ағалары болды.
Сөз барымтасында орамды ой, айшықты тіркесімен көрермен көзайыма айналған Абай облысының ақыны Айбек Жеңісқазин жеңіске жетті.
Екінші орын Жамбыл облысының ақыны Айтбек Тұрсынбайға бұйырды. Екі ақынға ASSYLTAS қоғамдық қорының құрылтайшысы Дулат Тастекей автокөліктің кілтін табыстады.
Үшінші орын Сырымбек Сарсембаев пен Қанат Мырзаханға берілді. Айтыстың арнайы жүлдесі Шынарбек Тұрсын мен Нұрбол Жауынбаевқа бұйырды. Жылына бір рет берілетін ASSYLTAS степендиясы Қазірет Бердіханға табысталды.