Қоғамдық денсаулық сақтау: Қазақстан өңірлеріндегі жаһандық тәжірибелер мен технология жетістіктері

Қазіргі заманда қоғамдық денсаулық сақтаудың маңыздылығы сәт санап артуда. Бұл сала тек жеке адамдардың ғана емес, тұтастай қоғамның әл-ауқатын жақсартуға бағытталған.

Дәрігер ретінде мен бұл саладағы жұмыстың қаншалықты маңызды екенін күнделікті тәжірибемде көріп жүрмін. Аурулардың алдын алу, өмір сүру ұзақтығын арттыру, өмір сапасын жақсарту – мұның барлығы қоғамдық денсаулық сақтаудың тікелей нәтижесі.

Қазақстанда қоғамдық денсаулық сақтау саласында бірқатар жетістікке қол жеткізілді. Мысалы, балалар өлімі мен ана өлімі айтарлықтай төмендеді, туберкулез және ВИЧ/СПИД сияқты инфекциялық аурулардың таралуы бақылауға алынды. Дегенмен, әлі де шешімін талап ететін мәселелер бар. Статистикалық деректерге сүйенсек, Қазақстанда жүрек-қан тамырлары аурулары, қатерлі ісік және қант диабеті сияқты созылмалы аурулардан болатын өлім-жітім болып жатады. Бұл аурулардың дамуына темекі шегу, алкогольді шамадан тыс тұтыну, дұрыс тамақтанбау және аз қимылдау сияқты факторлар ықпал етеді. Мен өз тәжірибемде жоғарыдағы жайттарды оңтайландыру үшін науқастармен психологиялық ем-дом шараларына көңіл бөлемін. Бұл ұзақ мерзімді шара боса да айтулы нәтижеге қол жеткізіп жатырмыз.

Осы ретте әлемдік медицина дамуына да зер салғанымыз жөн. Қазақстан қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы жаһандық тәжірибелерді белсенді түрде зерттеп, енгізуде. Мысалы, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) ұсынымдарына сәйкес, елімізде вакцинация бағдарламалары жүзеге асырылуда, скринингтік тексерулер жүргізілуде, салауатты өмір салтын насихаттау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Дамыған елдердің тәжірибесін зерттеу Қазақстанға қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы тиімді стратегияларды әзірлеуге мүмкіндік береді. Мысалы, Финляндияда жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алу бойынша кешенді бағдарлама жүзеге асырылды, нәтижесінде бұл аурулардан болатын өлім-жітім айтарлықтай төмендеді. Қазақстан да бұл тәжірибені зерттеп, өз елінің жағдайына бейімдеуі мүмкін.

Қазіргі заманғы технологиялар қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы жұмысты айтарлықтай жеңілдетіп, тиімділігін арттыруға мүмкіндік беріп отыр. Мәселен –  электрондық денсаулық сақтау жүйелері. Бұл жүйелер науқастың медициналық деректерін электронды түрде сақтауға, талдауға және алмасуға мүмкіндік береді. Бұл дәрігерлерге диагноз қоюды жеделдетуге, емдеудің тиімділігін арттыруға және аурулардың алдын алу бойынша жұмысты жақсартуға көмектеседі.

Мен ауылдық жерде ВОП дәрігері болып жұмыс істеймін. Тәжірибемде жаһандық тәжірибелер мен технология жетістіктерінің қаншалықты маңызды екенін көп байқадым. Атап айтсам, вакцинация бағдарламаларының арқасында балалар арасында инфекциялық аурулардың таралуы айтарлықтай төмендеді. Бұрын жиі кездесетін қызылша, көкжөтел және полиомиелит сияқты аурулар қазір сирек кездеседі. Қант диабеті мен артериялық гипертензияны ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік беретін скринингтік тексерулердің арқасында біз бұл аурулардың асқынуының алдын алып, науқастардың өмір сапасын жақсарта алдық. Қоғамдық денсаулық сақтау – Қазақстан үшін басым бағыттың бірі. Жаһандық тәжірибелер мен технология жетістіктерін пайдалана отырып, еліміз бұл салада айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізе алады.

Әрбір азамат өз денсаулығы мен қоғам денсаулығы үшін жауапты екенін ұмытпауымыз керек. Салауатты өмір салтын ұстану, дәрігердің кеңестерін орындау және алдын алу шараларына қатысу – мұның барлығы денсаулығымызды сақтауға және жақсартуға көмектеседі.

Ельжанова Гульнар Базарбековна, дәрігер

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

ЖАРНАМАspot_img