Қазақстан фермерлер қауымдастығы жылды қорытындылады

Қазақстан фермерлер қауымдастығы жылды қорытындылап, келер жылға ауқымды жоспарлар құрды.

Қазақстан фермерлер қауымдастығы облыстық филиал басшыларымен скайп-кеңес өткізіп, жылды қорытындылады. Жиында биыл атқарылған жұмыстар сараланып, келер жылға арналған жоспарлар талқыланды.

Қауымдастық биыл ауыл шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелерді шешу жолында Ауыл шаруашылығы министрлігімен тығыз жұмыс істеп, ел игілігі үшін бірқатар маңызды бастамаларға мұрындық болды. Атап айтқанда:

  • Ағымдағы жылы көктемгі дала жұмыстары мен егін жинауға 5%-дық үстемемен 580 млрд теңге бөлінді. 2025 жылға бұл сома 700 млрд теңгеге дейін ұлғайтылып, алдағы уақытта ауыл шаруашылығын қаржыландыру көлемін 1,5 трлн теңгеге жеткізу жоспарлануда.
  • Фермерлердің ауыл шаруашылығы техникасына қолжетімділігін арттыру мақсатында 120 млрд теңге бөлінді. 2025 жылы бұл сома 200 млрд теңгеге, болашақта 450 млрд теңгеге дейін өседі деп жоспарлануда.

Қауымдастық аталған мәселелердің оң шешілуіне тікелей ықпал еткенін айта кеткен жөн. Сондай-ақ, Үкіметке бірнеше депутаттық сауал жолданғаны белгілі.

Бұдан бөлек, Президент Әкімшілігінің ұйымдастыруымен өткен Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумында да Қауымдастықтың ұсыныстары назарға алынып, Мемлекет басшысы Үкіметке бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Скайп-кеңесте облыстық филиал басшыларының жұмысы да талқыға түсті. Атырау, Жетісу, Жамбыл, Қостанай және Түркістан облыстық филиалдарының жұмысы жоғары бағаланып, өзге филиалдарға жұмыс қарқынын арттыру қажеттігі ескертілді.

Сонымен қатар, филиал басшыларына жергілікті атқарушы органдармен жұмысты жандандыру, қоғамда белсенділік таныту, ауыл шаруашылығына жаңа технологияларды енгізу және осы бағытта семинарлар өткізу сияқты бірқатар тапсырмалар берілді.

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

ЖАРНАМАspot_img