Шымбұлақ тау курортында фристайлдан жастар арасындағы FIS әлем чемпионаты өтуде. Бұл Орталық Азияда тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған жарыс.
Чемпионатқа 14 пен 20 жас аралығындағы 13 елдің үздік жас спортшылары қатысуда. Германия, Италия, Қазақстан, Канада, Қытай, АҚШ, Украина, Франция, Чехия, Швейцария, Швеция, Оңтүстік Корея және Жапониядан 110-нан астам қатысушы бақ сынауда.
Жарыс бағдарламасына «могул», «параллель могул», «командалық параллель могул», «шаңғы акробатикасы» және «командалық шаңғы акробатикасы» сияқты дисциплиналар кіреді.
Қазақстан намысын юниорлар арасындағы әлем чемпионы және фристайлдан ересектер арасында әлем чемпионатының қола жүлдегері Анастасия Городко қорғауда.
Шымбұлақ курорты беткейлері халықаралық стандарттарға сай келеді және жарысқа мұқият дайындалған.
Бұл шара Алматының қысқы спорт түрлерінің халықаралық орталығы ретіндегі мәртебесін нығайтады деп күтілуде. Сондай-ақ, чемпионат туризмді дамытуға, жастар арасында қысқы спорт түрлерін танытуға және Қазақстанның спорттық имиджін көтеруге ықпал етеді.