ШЫМБҰЛАҚТАҒЫ ECODAY: ЭКОЛОГИЯЛЫҚ САНАЛЫЛЫҚ – ЖАҢА  ӨМІР САЛТЫ

2025 жылдың 10 мамырында «Шымбұлақ» тау курортында алғашқы экомәдени фестиваль – EcoDay өтті. Біркүндік ерекше іс-шараның мақсаты – тұрақты өмір салтын насихаттап, қонақтарға табиғатты қорғауды, экологиялық білім беруді іс жүзінде көрсету.

EcoDay іс-шарасын «Шымбұлақ» курорты, Recycle Birge экологиялық қозғалысы және Қазақстандағы алғашқы zero-waste дүкені HelloEco бірлесіп өткізді.  Ұйымдастырушылар экология туралы жай айтып қана қоймай, барынша түсінікті әрі күнделікті өмірде жасауға болатын іс-әрекет ретінде көрсетуді мақсат етті.

Экосананы іспен қалыптастыру

EcoDay аясында қонақтар қағаз бен пластикті қайта өңдеу, табиғи спрей жасау, апсайклинг (қажетсіз заттарды қайта қолданатын жаңа өнімдерге айналдыру) шеберлік сабақтарына қатысты. Сондай-ақ курортқа келушілер арнайы орындарда «Leave No Trace» принциптерімен танысып, табиғатқа зиян келтірмей демалудың жолдары тамашалады.

Экологиялық ойындарға қатысқан қонақтар экосыйлықтар ұтып алып, өздерінің күнделікті әдеттеріне жаңаша көзқараспен қарауға мүмкіндік алды.

«Алда EcoDay Шымбұлақта тұрақты өтетін іс-шараға айналады. Бұл курорттың тұрақты даму бағытындағы жұмысының бір бөлігі, әрі еліміздің Президенті ұсынған экологиялық күн тәртібіне қосқан үлесіміз. Көпшіліктің табиғат пен қоршаған ортасына жанашырлық танытатын шағын қадамдары нақты өзгеріс әкелетініне сенеміз», – деді Shymbulak Outdoor басшысының орынбасары Махамбет Абдуллаев.

Түсінікті әрі қолжетімді қадамдар

Қазақстандағы алғашқы zero-waste дүкен HelloEco-ның тең құрылтайшысы Дина Огай — фестивальді ұйымдастырушылардың бірі. Оның айтуынша, осындай шараларға қатысу — жай ғана белсенділік емес, табиғатпен үйлесімді өмір сүру мүмкіндігін қарапайым тілмен жеткізудің жолы:

«Экологиялық өмір салты — құрбандыққа бару емес. Бұл — бір реттік заттарды қайта пайдалануға болатын баламаға ауыстыру, күн сайын саналы таңдау жасау. Табиғатты қорғау үшін өмір салтын түбегейлі өзгерту шарт емес. Заманауи адам болып тұра, табиғатқа зиян келтірмей өмір сүруге болады. Ең бастысы – көпшілікке оңтайлы жолмен жеткізу, әр әрекеттің маңызын көрсету», – дейді Дина.

Экологиялық білім — мәдениеттің іргетасы

Фестивальдің тағы бір маңызды ұйымдастырушысы — Recycle Birge экологиялық қозғалысы. Қозғалыстың тең кұрылтайшысы, эколог Пакизат Сайлаубекова іс-шараның басты миссиясы халықтың экологиялық сауаттылығын арттыру екенін атап өтті:

«Біздің мақсатымыз – қайта өңдеуді, бір реттік заттардан бас тартуды, ұқыпты тұтыну сияқты әрекеттердің қиын емес екенін түсіндіру. EcoDay аясында қатысушыларға нақты кеңестер беріп, экологиялық өмір салтынан нақты мысал көрсету. «Шымбұлақтың» бұл бастамасын толық қолдаймыз және алдағы уақытта да бірге жұмыс істеуге дайынбыз».

Эколог сондай-ақ табиғатқа шыққан әр адамның артында экологиялық «із» қалатынын еске салды:

«Қаладан небәрі 20 минуттық жерде орналасқан тауға келіп, керемет табиғат аясында таза ауамен тыныстаймыз. Бірақ адам болған жерде, міндетті түрде, экологиялық әсер қалады. Сондықтан, қоқысты жинау, өсімдіктерді жұлмау сияқты қарапайым әрі маңызды әрекеттерді еске салдық. EcoDay сияқты шараларда адамдарға осыны түсінікті және нақты мысалмен көрсетуге болады», – деді эколог.

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

ЖАРНАМАspot_img