Алматының інжу-маржаны саналатын Іле-Алатауы ұлттық паркі бүгінде табиғатты сақтау мен заманауи туризмді ұштастырған бірегей аумаққа айналуда. Жақында журналистер үшін ұйымдастырылған екі күндік баспасөз турында парк директоры Елнұр Ахметов атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы айтып берді. Парк аумағында ормандарды қалпына келтіруден бастап, туристік соқпақтарды цифрландыруға дейінгі ілкімді істер қолға алынған.
Іле-Алатауы ұлттық паркі – 200 мың гектардан астам аумақты алып жатқан, еліміздің Қызыл кітабына енген ондаған өсімдік пен жануардың мекені. Баспасөз туры барысында парк директоры Елнұр Ахметов бұл аумақтың басты құндылығын сақтай отырып, оны келушілер үшін қолжетімді әрі қауіпсіз ету негізгі басымдық екенін атап өтті.
«Біздің басты мақсатымыз – табиғат пен адам арасындағы үйлесімділікті табу. Бір жағынан, қар барысы, Тянь-Шань қоңыр аюы сияқты сирек кездесетін жануарлар мен бірегей өсімдіктер әлемін көздің қарашығындай сақтау міндеті тұрса, екінші жағынан, тұрақты экотуризмді дамытып, келушілерге өркениетті демалыс сыйлауымыз керек. Бұл екі бағыт – біздің күнделікті жұмысымыздың өзегі», – деді Елнұр Ахметов.
Мемлекет басшысының 2 миллиард ағаш отырғызу тапсырмасы аясында ұлттық паркте орманды қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Директордың айтуынша, бұл тек сан үшін жасалып жатқан жұмыс емес, ғылыми негізделген кешенді шара.
«Биылғы жылдың өзінде 42 гектар аумаққа 140 мыңнан астам ағаш көшетін отырғыздық. Тұқымбақтарымызда орман тұқымдары себіліп, 256 гектарда күтіп-баптау жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, орман зиянкестерімен күресу, өрттің алдын алу шараларына ерекше көңіл бөліп отырмыз. 25 шақырым өртке қарсы жолды жөндеп, 60-тан астам ескерту белгісін орнаттық. Табиғат-Ананың байлығын сақтау – ортақ парызымыз», – деп атап өтті парк басшысы.
Паркке келушілер саны жыл санап артып келеді. 2025 жылдың 7 айында мұнда 507 мыңнан астам турист келген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 5,4%-ға көп. Туристер ағынының артуы инфрақұрылымды жаңартуды және қызмет көрсету сапасын арттыруды талап етеді.
Бұл мәселені шешу үшін парк басшылығы бірнеше бағытта жұмыс істеуде. Атап айтқанда, бақылау-өткізу бекеттері автоматтандырылып, туристік соқпақтар абаттандырылуда.
«Біз келушілерге максималды жайлылық жасауға тырысамыз. Қазірдің өзінде Бутаковкадағы бекет толық автоматтандырылған, Алма-Арасанда тестілеу режимінде тұр. Биыл Алматы қаласы әкімдігімен бірлесіп, қосымша 100 шақырым соқпақты абаттандыруды, кемпингтер мен бұлақ көздерін қалпына келтіруді бастадық. Жеке инвесторлар да атсалысуда:
Bi Group
компаниясы Алма-Арасан шатқалындағы 15 км соқпақты жаңартуда. Мақсатымыз – әрбір келуші табиғат аясында қауіпсіз әрі ыңғайлы демалатындай жағдай жасау», – деді Е. Ахметов.
Туризмнің екінші жағы – қоқыс мәселесі. Биыл 7 айда парк аумағынан 470 тонна қалдық шығарылған. Осыған байланысты қоқысты бөлек жинауға арналған 365 контейнер орнатылып, заманауи арнайы техникалар сатып алынған.
Іле-Алатауы тек демалыс орны ғана емес, ірі ғылыми орталық. Парк ғалымдары Сиверс алмасын сақтап, оны ұлттық брендке айналдыру бойынша ауқымды жобаны қолға алған.
«
Helios
компаниясымен бірлесіп, біз Сиверс алмасын зерттейтін, насихаттайтын ғылыми-туристік жобаны бастадық. Болашақта Түрген филиалында осы бірегей алмаға арналған ғылыми танымдық маршрут, Visit-орталық және академик Аймақ Жанғалиев атындағы мұражай салуды жоспарлап отырмыз. Бұл – біздің тарихи мұрамызды келешек ұрпаққа жеткізу жолындағы маңызды қадам», – деп бөлісті директор.
Сонымен қатар, парк аумағын цифрландыру жұмыстары да жүргізілуде. Аюсай шатқалына оптикалық-талшықты байланыс тартылса, Есік шатқалында жыл соңына дейін, ал Асы жайлауында 2026 жылы мобильді интернет іске қосылмақ. Бұл шаралар төтенше жағдай кезінде байланысты қамтамасыз етіп, туристердің қауіпсіздігін арттырады.
Жалпы, Іле-Алатауы ұлттық паркі заман талабына сай дамып, табиғи мұраны сақтаудың озық үлгісін көрсетуде. Атқарылып жатқан жұмыстар парктің экологиялық әлеуетін арттырып, оны әлемдік деңгейдегі экотуризм орталығына айналдыруға толық мүмкіндік беретінін көрсетіп отыр.