Моңғол халқы бір миллиард көшет егуде.«Бір миллиард ағаш» ұлттық қозғалысы шөлейттенумен күресте елеулі нәтижелер көрсетіп жатыр. Күзгі жалпыұлттық ағаш отырғызу науқаны биыл қазан айының соңына дейін жалғасады, деп хабарлайды Montsame ақпарат агенттігі.
Күзгі отырғызу күндері аясында ел бойынша 18 мыңнан астам ұйым, кәсіпорын және жеке адамдар 2 миллионнан астам жаңа ағаш отырғызып үлгерген. Бұл жұмыстарға оқушылар да ерікті түрде белсене қатысуда. Сонымен қатар, халықты көшетпен қамтамасыз ету мақсатында аймақтарда, аудандарда және елордада арнайы көшет жәрмеңкелері ұйымдастырылған.
Бұл бастамаға азаматтар мен ұйымдардың белсенділігі жоғары. Мәселен, өткен демалыс күндерінің өзінде Улаанбаатар қаласының үш аймағында 225 ұйымнан жиналған 2500-ден астам адам 12 түрлі ағаш пен бұтаның 3500-ге жуық көшетін отырғызған. Бұл тек күзгі көрсеткіш емес. Биылғы көктемде өткен науқанда 3400-ден астам ұйым мен 185 мыңнан астам азамат 8,4 миллион ағаш еккен болатын.
Ресми деректерге сәйкес, «Бір миллиард ағаш» қозғалысы басталғаннан бері ел аумағында шөлейттенуге қарсы күрес аясында 117 миллион ағаш пен бұта отырғызылып, өсірілген.
Болжам бойынша, 2030 жылға дейін бұл көрсеткіш миллиардқа жетуі тиіс. Ол үшін:
- Ірі тау-кен кәсіпорындары — 608 миллион ағаш;
- Аймақтар мен елорда — 680 миллионнан астам ағаш пен бұта отырғызуы тиіс.
Ағаш отырғызу бойынша бұл жалпыұлттық шара Моңғолия Президентінің 2010 жылғы Жарлығына сәйкес жыл сайын көктемде (мамыр) және күзде (қазан) тұрақты түрде өткізіліп келеді.
Еске салайық, бұған дейін Луврдағы зергерлік бұйымдар ұрлығы қалай болғанын жазған едік.


