«Қайрат» пен «Пафос» таласын кұткен жанкүйер көп. UEFA Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіндегі үшінші турда алматылық «Қайрат» өз алаңында Кипрдің «Пафос» клубын қабылдап, 0:0 есебімен тең түсті. Бұл — екі команданың да турнир тарихындағы алғашқы ұпайы. Алайда, алматылық клуб 4-минуттан бастап бір ойыншы артық ойнағанына қарамастан, жеңісті жұлып ала алмады.
Кездесу екі дебютант үшін де маңызды еді, себебі алғашқы екі турда екеуі де ұпайсыз қалған болатын. «Қайрат» ойынды шабуылмен бастап, жылдам гол соғуға ұмтылды.
Осындай шабуылдардың бірінде, небәрі 4-минутта, «Пафос» ойыншысы Жоау Коррея «Қайрат» қорғаушысы Луиш Матаға қарсы дөрекі ойнап, англиялық төреші Крис Каванадан бірден қызыл қағаз алды. «Қайрат» пен «Пафос» таласы осылайша қыза түсті.
Бір ойыншысы кем қалған «Пафос» сол сәттен бастап толықтай қорғанысқа көшті. «Қайрат» 86 минут бойы позициялық шабуыл ұйымдастырғанымен, кипрлік команданың тас-түйін қорғанысын бұза алмады. Нәтижесінде, бірінші кезең 0:0 есебімен аяқталды.
Екінші кезеңде де ойын сценариі өзгерген жоқ. «Қайрат» шабуылдап, «Пафос» қорғанды. Дегенмен, азшылықта ойнағанына қарамастан, кипрлік футболшылар бірнеше қауіпті қарсы шабуыл ұйымдастырып үлгерді. Бұл сәттерде алматылықтардың қақпашысы Темірлан Анарбеков жоғары шеберлік танытып, командасын бірнеше рет голдан аман алып қалды. Ойын соңына дейін есеп өзгермеді — 0:0.
Матчтан кейінгі баспасөз мәслихатында «Қайраттың» бас жаттықтырушысы Рафаэль Уразбахтин ойынға қатысты пікір білдірді. Ол жанкүйерлерге қолдаулары үшін алғыс айтып, команданың 86 минуттық басымдықты пайдалана алмағанын мойындады.
«Әрине, көңіліміз түсті, бірақ қарсыласқа да құрмет көрсету керек… Біз өз мүмкіндігімізді пайдалана алмадық. Бізге кей сәттерде сәттілік серік болды, бұл ретте Темірлан Анарбековтің үлесі зор. Оған ойыны үшін алғыс айтамын. Біз кішігірім қадамдармен алға жылжимыз, алда әлі талай матч бар», — деді Уразбахтин.
Сондай-ақ жаттықтырушы қарсыластың жоғары деңгейдегі қорғанысын және мұндай ойындар арқылы команданың тәжірибе жинап жатқанын атап өтті.
Бұл — «Қайраттың» Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіндегі алғашқы ұпайы. Енді алматылық клуб келесі ойынын 5 қарашада сырт алаңда Италияның «Интер» командасына қарсы өткізеді.
Еске салайық, бұған дейін Дастан Сәтбаев – әлемнің үздік жас таланттары қатарына қосылғанын жазған едік.


