Алматының мақтанышы Shymbulak тау курорты қысқы маусымды қарсы алуға сақадай сай. Өткен жылы 1,5 миллионнан астам қонақ қабылдап, 2030 жылға жоспарланған стратегиялық межені мерзімінен бұрын бағындырған курорт биыл сервистік қызмет пен инфрақұрылым сапасын жаңа деңгейге көтеруді басты назарға алып отыр.
Туристер ағынының жыл санап aртуы инженерлік жүйелерді үнемі жаңғыртуды және қауіпсіздік стандарттарын күшейтуді талап ететіні сөзсіз. Осы мақсатта ең ауқымды өзгерістер «Медеу» базалық станциясында жүзеге асырылды. Қайта жаңғыртудан өткен бұл аумақта енді сырғанау жабдықтарын жалға беру және сақтаудың негізгі орталығы орналасқан.
Жалға беру қызметінің супервайзері Муслим Жұмаевтың айтуынша, қонақтардың уақытын барынша үнемдеп, кезек күтуді азайту үшін қызмет көрсету «бір терезе» қағидаты бойынша ұйымдастырылған. Сонымен қатар, келушілерге ыңғайлы болуы үшін локерлер саны екі есеге артып, биылғы маусымға тау шаңғысы жабдықтары толықтай жаңартылды. Ал кәсіби райдерлер үшін «Шымбұлақ» станциясында арнайы локерлер мен қосымша жалға беру нүктесі жұмыс істейтін болады.

Курорттағы жайлылық деңгейін арттыру бағытындағы жұмыстар мұнымен шектелмейді. Shymbulak Орта станциясында қонақтарға арналған жаңа павильон бой көтеріп, онда заманауи кафе мен дүкен ашылды. Сонымен қатар, Freedom Telecom компаниясының қолдауымен курорттың негізгі станциялары мен аспалы жол бойында тегін Wi-Fi нүктелері іске қосылып, демалушыларға цифрлық мүмкіндіктер ұсынылуда.
Тағы бір маңызды жаңалық – 2025-2026 маусымында енгізілетін сервисті цифрлық бақылаудың жаңа жүйесі. Бұл жүйе аясында қонақтар инфоорталықтарда, тау шаңғысы мен сноуборд мектептерінде, сондай-ақ курорттың сайтында орналасқан арнайы QR-кодтар арқылы өз өтініштері мен ұсыныстарын қалдыра алады. Клиенттік сервис және сапаны бақылау департаментінің басшысы Ольга Беляева бұл қадамның мақсаты – қонақтардың пікірін жинау мен талдауды автоматтандыру, курорт қызметін объективті бағалау, кемшіліктерді жедел анықтау және сервис сапасын жүйелі түрде жақсарту екенін атап өтті. Осылайша, Shymbulak тау курорты жаңа маусымда миллиондаған туристі күтіп алуға толықтай дайын және қонақтарға сапалы әрі қауіпсіз демалыс сыйлауды басты міндеті санайды.
Бұған дейін, «Шымбұлақ» ТМД-ның ең үздік тау-шаңғы курорты атанғанын жазған едік.


