Қазақстанда экономикалық өсім кейінгі 10 жылдағы ең жоғары межеге жетіп отыр. 2025 жылдың қорытындысы бойынша еліміздің экономикалық даму қарқыны 6 пайыздан асады деп күтілуде. Бұл туралы ҚР Президентінің көмекшісі – Баспасөз хатшысы Руслан Желдібай өзінің Telegram арнасында жариялаған жылдық қорытынды жазбасында мәлімдеді.
Мемлекет тарихындағы елеулі белес ретінде ішкі жалпы өнім (ІЖӨ) көлемінің алғашқы рет 300 миллиард доллардан асқанын атап өтуге болады. Бұл көрсеткішті жан басына шаққандағы табыспен есептегенде 15 мың долларды құрайды. Руслан Желдібайдың айтуынша, мұндай нәтижеге қол жеткізу – ел экономикасының тұрақтылығы мен әлеуетінің артқанын көрсететін маңызды индикатор.
Биылғы жыл индустриялық даму тұрғысынан да табысты болды. Елімізде жалпы құны 1,4 триллион теңгеден асатын 185 жаңа жоба пайдалануға беріліп, нәтижесінде 22,8 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылды. Сарапшылардың болжамынша, бұл жобалар толық өндірістік қуатына көшкен кезде ұлттық экономикаға айтарлықтай серпін беріп, өндіріс көлемін 2,3 триллион теңгеге дейін жеткізбек.
Стратегиялық маңызы бар ірі инфрақұрылымдық жобалар да назардан тыс қалған жоқ. Мәселен, 2025 жылы Мемлекет басшысы транзиттік әлеуетті арттыратын Достық – Мойынты темір жолының екінші желісін және Қостанай облысындағы заманауи KIA Qazaqstan автокөлік зауытын іске қосты. Сонымен қатар, көлік-логистика саласын жаңғырту аясында Шымкент және Қызылорда әуежайларының жаңа терминалдары қолданысқа енгізілді. Астанадағы Stadler Kazakhstan зауыты шығарған алғашқы жолаушылар вагоны да отандық өндірістің жаңа деңгейге шыққанының дәлелі болды.
Баспасөз хатшысының дерегінше, бұдан бөлек қара және түсті металлургия, химия, жеңіл және тағам өнеркәсібі, сондай-ақ құрылыс индустриясы салаларында бірқатар маңызды нысандар іске қосылған. Бұл қадамдардың барлығы экономикалық өсімді қамтамасыз етуге және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған кешенді жұмыстың нәтижесі.
Бұған дейін Алтай ауданында инновациялық сүт-тауар фермасы іске қосылғанын жазған едік.


