Әлем бойынша сөз бостандығы мен БАҚ өкілдерінің қауіпсіздігі күрделі мәселе күйінде қалып отыр. Халықаралық журналистер федерациясының (ХЖФ) соңғы есебіне сүйенсек, 2025 жылы журналистердің қазасы бойынша көрсеткіш тағы да өскен. Биыл әлемнің әртүрлі аймағында қызметтік міндетін атқару барысында 128 БАҚ қызметкері көз жұмды. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда (2024 жылы 122 адам) жағдайдың оңалмағанын, керісінше, қауіптің арта түскенін көрсетеді.
DW агенттігінің хабарлауынша, құрбан болғандардың арасында 10 әйел бар. Сондай-ақ, бұл тізімге жазатайым оқиға салдарынан қаза тапқан 9 тілші де енгізілген. ХЖФ президенті Энтони Белланжер бұл статистикаға қатысты өз алаңдаушылығын білдіріп: «Өткен жылмен салыстырғандағы бұл өсім журналистер үшін қауіптілік деңгейінің төмендемегенін білдіреді», — деп атап өтті. Ұйым басшылығы әлем елдерінің билігін БАҚ қызметкерлерін қорғаудағы дәрменсіздігі үшін қатаң сынға алып, 2026 жылға қарай зорлық-зомбылық пен жазасыздық тізбегін тоқтату үшін шұғыл шаралар қабылдауға шақырды.
Тарихи деректерге үңілсек, ХЖФ статистика жүргізе бастаған 1990 жылдан бері әлем бойынша жалпы саны 3173 журналист қаза тапқан екен. Мәселе тек физикалық жоюмен шектелмейді. 2025 жылдың 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша 533 журналист темір тордың ар жағында отыр. Бұл антирейтингте Қытай елі көш бастап тұр (143 тұтқын). Салыстырмалы түрде айтсақ, бір жыл бұрын әлем бойынша түрмедегі әріптестеріміздің саны 516 болған еді.
Айта кетерлігі, халықаралық ұйымдардың деректерінде айырмашылықтар бар. Мәселен, «Шекарасыз тілшілер» (RSF) ұйымының есебі бойынша 2025 жылы 67 БАҚ қызметкері қаза тапса, ЮНЕСКО бұл көрсеткішті 93 деп бағалаған. Бұл айырмашылық ұйымдардың «кәсіби қызметке байланысты қаза табу» ұғымын әртүрлі жіктеуімен түсіндіріледі. Дегенмен, сандардың әртүрлілігі мәселенің ауқымын кішірейтпейді. БҰҰ Газа секторын баспасөз тарихындағы ең қауіпті нүкте деп таныса, өткен маусымда Тегерандағы телеорталыққа жасалған Израиль әуе шабуылынан екі ирандық қызметкердің қаза тапқаны белгілі болды.
Бұған дейін, Алтай ауданында инновациялық сүт-тауар фермасы іске қосылғанын жазған едік.


