Әлемдік аренадағы елдердің беделін айқындайтын негізгі көрсеткіштердің бірі – оның төлқұжатының күші. Британиялық беделді Henley & Partners консалтингтік компаниясы 2026 жылға арналған әлемдегі ең ықпалды төлқұжаттар рейтингін жариялады. Жаңа тізім бойынша Қазақстан халықаралық деңгейдегі позициясын айтарлықтай жақсартып, туристік және іскерлік әлеуетін арттыра түскен.
Компанияның соңғы деректеріне сүйенсек, Қазақстан төлқұжаты биылғы рейтингте төрт сатыға жоғарылап, 61-орынға тұрақтады. Бұл – отандық дипломатияның жемісті жұмысының нәтижесі. Қазіргі таңда Қазақстан азаматтары әлемнің 78 еліне визасыз немесе жеңілдетілген тәртіппен бара алады. Бұл көрсеткіш бойынша еліміз Оңтүстік Америкадағы Боливия және Суринам мемлекеттерімен қатар тұр. Сарапшылардың пікірінше, визасыз елдер санының артуы – мемлекеттің ашықтығын және халықаралық сенімділігін көрсететін маңызды фактор.
Әлемдік көшбасшыларға келетін болсақ, 2026 жылы ең қуатты құжат Азия елдеріне тиесілі болып отыр. Көш басында – Сингапур. Бұл елдің азаматтары 227 бағыттың 192-сіне еш кедергісіз саяхаттай алады. Екінші орындағы Жапония мен Оңтүстік Корея азаматтары 188 мемлекетке визасыз бару құқығына ие. Ал үздік үштікті Еуропа құрлығының өкілдері түйіндеді. Дания, Люксембург, Испания, Швеция және Швейцария төлқұжаттары бірдей деңгейде бағаланып, олардың иелеріне 186 елдің есігі ашық.
Рейтингтің 20 жылдық тарихындағы динамикаға назар аударсақ, Біріккен Араб Әмірліктерінің (БАӘ) феноменін ерекше атап өткен жөн. 2006 жылдан бері бұл мемлекет 57 сатыға бір-ақ көтеріліп, нағыз серпіліс жасады. Қазір БАӘ азаматтары 149 мемлекетпен еркін қатынас орнатқан. Бұл жетістік Әмірліктердің белсенді сыртқы саясаты мен әлем елдерімен визалық талаптарды жеңілдету бағытындағы жүйелі жұмысының жемісі ретінде бағалануда.
Дегенмен, кері кеткендер де жоқ емес. 2025 жылы позициясын ең көп жоғалтқан ел Ұлыбритания болды. Бір жылдың ішінде Тұманды Альбион елі 8 мемлекетпен визасыз қатынас мүмкіндігінен айырылып қалған. Бұл жағдай геосаяси өзгерістер мен дипломатиялық қатынастардың салқындауы қарапайым азаматтардың еркін жүріп-тұруына тікелей әсер ететінін тағы бір мәрте дәлелдеді.


