«Қайрат» маусымды жеңіспен бастады

7 наурызда Қазақстан Премьер-лигасының жаңа маусымы басталды. Бірінші кезеңде алматылық «Қайрат» сырт алаңда турнир дебютанттары өскемендік «Алтаймен» жеңді, деп хабарлайды Jananews.kz.

Өскемендік клуб өз алаңдарының құрылыс жұмыстары аяқталмағандықтан ойынды Алматы қаласындағы «Хан Тәңірі» стадионында өткізді. Flashscore мәліметінше ойынды стадионнан 2700 адам тамашалады. «Алтай» футбол клубы әкімшілігінің айтуынша алда өтетін сырт алаңдағы тағы бір ойын Алматыда өткізілмек.

Ойындағы жалғыз голды 64-минутта португалдық шабуылшы Жоржинио салды.

Ойыннан кейінгі баспасөз конференцияда «Қайрат» бас бапкерінің көмекшісі Максим Зуев ең маңыздысы маусымды жеңіспен бастағанымыз дейді.

«Бұл өте ауыр кездесу болды. Қарсыласқа лайықты құрмет көрсету керек. Олар қорғаныста жақсы ойнады. Бірақ біз маңызды үш ұпайды алдық. Қазір біз үшін ең бастысы – нәтиже. Менің ойымша, біз оңтайлы формаға сәл кейінірек келеміз. Қазір ең маңыздысы маусымды жеңіспен бастау еді»,- деді Максим Зуев.

Ал «Алтай» клубының бас бапкері Вахид Масудов премьер-лигадағы алғашқы ойындарына дән ризашылығын білдірді.

«Тактика бойынша командама мін тақпаймын. Тек кейбір эпизодтарда ұтылып қалдық, себебі мұндай деңгейдегі ойынға алғаш рет шығып тұрмыз. Жалпы алғанда, матчқа қойған жоспарды орындағаны үшін командамды қолпаштағым келеді. Біз «Қайраттың» шаршауын күтіп, содан кейін өз футболымызды ойнауға тырысамыз деп жоспарлаған едік.  Әрине, алдағы уақытта біз ойын стилін өзгертеміз. Алғаш рет осындай құрамда ойнадық, енді ғана жоғарғы дивизионға шықтық. Көптеген жігіттер бірінші лига кезінен бері командада қалып отыр, сондықтан тәжірибе сәл жетіспейтін сияқты. Әр матч сайын ойынымызды жақсарта түсеміз деп ойлаймын»,- деді Масудов.

Естеріңізге сала кетейік. «Қайрат» өткен жылғы Премьер-лига чемпиондары болса, өскемендік «Алтай» клубы маусымның дебютанттары. «Қайрат» келесі кезеңде өз алаңында «Ақтөбені» қабылдаса, «Алтай» қонақта Семейдің «Елім-ай» клубымен бақ сынасады.

 

 

 

 

 

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

ЖАРНАМАspot_img