Алматы тауларының сұлулығы қаншалықты көз тартарлық болса, оның қаупі де соншалықты жоғары. Әсіресе, тау шаңғысы курорттарында белгіленген қауіпсіз трассалардан тыс жерде (фрирайд) сырғанау адам өміріне тікелей қауіп төндіруі мүмкін. Осындай кезекті оқиға түн ішінде «Shymbulak» тау курортында орын алып, ресейлік туристің демалысы қайғылы жағдаймен аяқтала жаздады.
Оқиға түн ортасына таяған шақта болған. Курорттың кезекші қызметкерлеріне үрейге бой алдырған жас қыз көмек сұрап жүгінген. Оның айтуынша, екеуі танымал «Профессор» трассасында сырғанап жүрген. Алайда, оның серігі – Ресей азаматы кенеттен бағытын өзгертіп, тау өзені жаққа қарай бұрылып кеткен де, қалың қараңғылық ішінде көзден ғайып болған.
Бұл ақпаратты алған курорттың кезекші қызметкері Махамбет Абдуллаев шұғыл түрде Жедел басқару орталығына хабар беріп, құтқару операциясын бастап кеткен.
«Қыз қатты уайымдап, есеңгіреп тұрды. Мен оның жанында қалып, тыныштандыруға тырыстым және басқару орталығымен үздіксіз байланыста болдым. Дәл осы уақытта курорттың қауіпсіздік қызметінің ауысым басшысы мен құтқарушылар оқиға орнына жетіп, іздестіру жұмыстарын бастап кетті», — дейді оқиғаны баяндаған Махамбет Абдуллаев.
Түнгі уақыт, көзге түртсе көргісіз қараңғылық пен таудың күрделі жер бедері іздеу жұмыстарын барынша қиындатты. Дегенмен, кәсіби мамандардың жедел әрекетінің арқасында бірнеше минуттан кейін ер адам курорт аумағынан тыс, қауіпті аймақтан табылды. Алайда, оны сол жерден қауіпсіз нүктеге алып шығу үшін қосымша күш қажет болған.
Осы сәтте операцияға Алматы қаласының Құтқару қызметінің арнайы жасағы, Төтенше жағдайлар департаментінің (ТЖД) өрт сөндірушілері мен Апаттар медицинасы орталығының мамандары жұмылдырылды. Ведомствоаралық бірлескен жұмыстың нәтижесінде турист аман-есен шығарылып, курорттың базалық станциясына жеткізілді.
Медицина қызметкерлерінің тексеруінен кейін ер адамның ешқандай дене жарақатын алмағаны, тек қатты тоңғаны белгілі болды. Ол ауруханаға жатудан бас тартып, құтқарушыларға өзінің шексіз алғысын білдірді. «Құтқарушыларға үлкен рақмет айтқым келеді. Олар мені уақытында тауып, қиын жағдайдан шығуға көмектесті. Моральдық тұрғыдан да үлкен қолдау көрсетті. Өте ризамын», — деді ажал аузынан қалған турист.
Айта кетейік, Shymbulak курортының әкімшілігі мен құтқарушылары демалушыларға дайындалған трассалардан тыс жерде, әсіресе түнде сырғанау аса қауіпті екенін қатаң ескертеді. Ресми мәліметтерге сүйенсек, бұл – биылғы қысқы маусым басталғалы бері курортта жүргізілген осындай үшінші құтқару операциясы. Қуанышқа орай, олардың барлығы адам өмірін сақтап қалумен, сәтті аяқталды.


