Қайрат — Ақтөбе: Қос қақпашы текетіресі. Сәтпаев ойын тағдырын шешті

16 наурызда футболдан Қазақстан Премьер-Лигасының екінші кезең ойындары өтті. Алматының «Қайраты» өз алаңында «Ақтөбемен» ойнап, 1:0 есебімен маңызды үш ұпайды иеленді. Жалғыз голды 17 жастағы Дастан Сәтпаев салды,- деп хабарлайды Jananews.kz.

«Қайрат» — «Ақтөбе» ойыны 2-кезеңнің ең маңызды ойындарының бірі. Бұл екі команданың арасындағы матч үнемі аншлагпен өтеді. Flashscore мәліметінше ойында Орталық стадионнан 23804 көрермен тамашалаған. «Ақтөбе» еліміздегі ең белсенді жанкүйерлерімен ерекшеленеді. Бүгінгі матчқа да 5000-нан астам батыстық жанкүйер жиналып, командасына қолдау көрсетті.

Бүгінгі ойында жанкүйерлердің назары қос қақпашы Александр Заруций мен Темірлан Анарбековке, европа футболының аңызы, португал шабуылшысы Луиш Наниге және 17 жастағы «Қайрат» шабуылшысы Дастан Сәтпаевқа ауды.

Көпшілік екі қақпашының текетіресін күткен. Себебі өткен маусымда Заруцкий  «Қайраттың» бірінші нөмірлі қақпашысы болған. Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінде  Заруцкий жарақат алып, оның орнын басқан Темірлан Анарбеков ерекше ойынымен көзге түсіп, жанкүйерлер  мен басшылықтың қолдауына ие болған. Клуб басшылығы Заруцкийдің клубтан кетуін келісім шарт уақыты бітуімен және жалақы мәселесіне байланысты келіспеушілік деп мәлімдеген еді. Алайда ойын соңында Заруцкий «Қайрат» жанкүйерлеріне қошемет көрсетіп, «қайраттық» әріптестерін құшақтап, көзіне жас алғаны байқалды.

Алматылықтар ойынды белсенді бастады және бесінші минутта қауіпті айып соққысын орындау мүмкіндігіне ие болды, алайда «Қайрат» ойыншысының соққысы қақпадан биік кетті. Одан кейін де Рафаэль Уразбахтин шәкірттерінде есеп ашуға бірнеше мүмкіндік болды. Алдымен финляндиялық жаңа ойыншы Ойва Юккола Жоржиньоның пасынан кейінгі мүмкіндікті пайдалана алмады, кейін Александр Широбоков баспен соққы жасап, гол соға алмады. Екі эпизодта да қонақтар қақпашысы Александр Заруцкий сенімді ойын көрсетті.

«Ақтөбе» футболшылары да шабуылда белсенді әрекет етуге тырысты. Бірақ бірінші таймда екі команда да есеп аша алмады.

Екінші таймда ойын күткендей одан әрі шиеленісе түсті. Қос қақпашы қауіпті шабуылдарды кезек-кезек тойтарды. Нәтиже бермеген бірнеше шабуылдан кейін екі команданың бапкерлері бірқатар ауыстырулар жасады. Алаң иелері құрамында 64-минутта 17 жастағы Дастан Сатпаев ойынға шықты.

Ал «Ақтөбенің» айтулы трансфері деп бағаланған 39 жастағы португал футболшысы Луиш Нани 70-минутта ойынға қосылды. Наниді жанкүйерлердің бір тобы ерекше қошемет көрсетсе, енді бір топ қарсылық гуілімен қарсы алды.

77-минутта жас шабуылшы Дастан Сәтпаев сол қапталдан айып алаңына еніп, қақпаға дәл соққы жасады. Доп қақпашының қолына тигеніне қарамастан, бәрібір қақпа ішіне еніп кетті. Айта кетейік, Сәтпаев 18 жасқа толғаннан кейін  «Челси» клубына ауысады делінеді. Оның ойынын лондоннан келген өкілі әрі жеке жаттықтырушысы трибунадан қадағалап отырды.

Қалған уақытта «Қайрат» пен «Ақтөбе» футболшылары бірнеше мәрте шабуыл жасаса да, таблодағы 1:0 есебі өзгеріссіз қалды.

Ойыннан кейінгі баспасөз конференциясына қос клубтың да бас бапкерлері қатысты.

«Ақтөбе» клубының бас бапкері Николай Костов «Қайратты» өз алаңымызда жеңеміз деп үміт білдірді.

«Біз дәл осындай ойынды күткен едік. Күткеніміздей болды. Әр доп үшін таластық. Матч өте тартысты өтті. «Қайратпен» ойын әрдайым осындай болады. Олар өте мықты команда. Біз ойынымыз үшін ұялмаймыз, өйткені команда жақсы ұйымдасып, алаңда лайықты ойын көрсетті. Өкінішке қарай, біз өте қарапайым гол жіберіп алдық. Сол эпизодта қателік жіберген ойыншымызды қолдаймыз, өйткені командада жақсы энергия болды. Біздің командада қателіктер талқыланбайды — ойыншының мінез-құлқы талқыланады. Біз бұл матчта жеңіске де жете алатын едік. Жеңіс үшін ойнадық, сол үшін футболшыларыма алғыс айтамын. Дәл біз рухымызды көтеріп, жеңе аламыз деген сәтімізде қарсыластың жасаған ауыстыруларынан кейін біз гол жіберіп алдық. Бүгін біздің ойыншылар алаңда жақсы мінез көрсетті, сондықтан оларға ешқандай шағымым жоқ. «Қайратқа» сәттілік тілейміз. Біз әлі өз алаңымызда кездесеміз, мүмкін сол кезде жеңіске жетерміз»,- деді бас бапкер

Ал «Қайрат» клубының бас бапкері Рафаель Уразбахтин команда ойыны мен «Ақтөбенің» жаңа ойыншысы Луиш Нани туралы пікір білдірді.

— Біз үшін өте маңызды үш ұпай. Жеңіске жеткенімізге өте қуаныштымыз. Ойын оңай болған жоқ, қарсылас та мықты. Ойын тең дәрежеде өткендей көрінді, соққылар саны жағынан да шамалас болған шығар. Бұл өз алаңымыздағы, көп жанкүйер жиналған алғашқы матч болғандықтан, жігіттерді ерекше дайындадық. Жақсы ойын көрсетіп, оң нәтиже көрсету маңызды еді. Біз соған қол жеткіздік. «Ақтөбеде» өте мықты шабуылшы ойыншылар бар, ал екінші таймда Нанидің алаңға шығуы командаға креатив пен шабуылдағы әлеуетін арттырды. Нани — жоғары деңгейдегі ойыншы.  Доппен сенімді қимылдайды, жақсы сақтайды, өткір пас береді. Иә, мүмкін бұрынғыдай белсенді қозғала бермейді, бірақ шеберлігі бірден байқалады», — деді Уразбахтин.

Сондай-ақ бас бапкер чемпионыққа таласатын тек «Ақтөбе» емес, негізгі бәсекелестер қатарын «Астана», «Тобол», «Ордабасы» және «Елімай» клубтарын қосты.

Сонымен қатар, Премьер-Лиганың екінші кезеңінің алғашқы күнінде  «Ордабасы» мен «Ұлытау» жеңіске жетсе, қалған 8 клуб тең ойнады.

Жеңіс — Ордабасы (0:2); Ұлытау — Қызылжар (1:0); Ертіс — Атырау (1:1); Қайсар — Астана (0:0); Тобыл — Жетісу (2:2); Елімай — Алтай (1:1).

Естеріңізге сала кетейік, «Қайрат» бірінші кезеңде өскеменнің «Алтайын» жеңіп, 3 ұпай иеленген. Екінші кезеңнен кейін 6 ұпаймен турнир кестесінің көшін бастады. Алматылық клуб келесі ойынын 21 наурыз күні сырт алаңда талдықорғанның «Жетісу» клубымен өткізеді.

 

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

ЖАРНАМАspot_img