Цифрлық әлемде қауіпсіздік мәселесі әрдайым бірінші орында тұрады. Алайда, Euronews мәліметі бойынша Meta корпорациясы Instagram-дағы шифрлау (E2EE) функциясын жеке хабарламалар үшін тоқтататынын мәлімдеді. Бұл шешім бүкіл әлем бойынша Direct-хабарламаларды қорғаудың жоғары деңгейлі режимі бұдан былай қолжетімсіз болатынын білдіреді.
Енді пайдаланушылар арнайы құпиялық режимін қоса алмайды, ал платформа хат алмасуды тек стандартты шифрлау арқылы қорғайды. Бұл ретте, егер заңды немесе техникалық қажеттілік туындаса, платформа хабарламалардың мазмұнына емін-еркін қол жеткізе алады. Яғни, желідегі «құпияларыңыздың» кілті тікелей Meta-ның қолында қалады.
Шифрлаудан бас тартудың негізгі себептері қандай?
Көптеген адамдар Meta-ның бұл қадамына таңданыс білдіруде, өйткені 2019 жылы компания барлық хабар алмасу қызметтеріне, оның ішінде WhatsApp пен Messenger-ге толық шифрлауды енгізуді жоспарлаған болатын. Бұл жүйеден бас тартудың бірнеше маңызды себебі бар. Біріншіден, компанияның ресми мәліметінше, пайдаланушылардың бұл функцияға деген қызығушылығы өте төмен болған. Екіншіден, құқық қорғау органдары мен балаларды қорғау ұйымдары бұл технологияны үнемі сынап келді. Олардың пікірінше, толық шифрлау интернеттегі балаларға қатысты зорлық-зомбылық қылмыстарын уақтылы тергеуді айтарлықтай қиындатады. Бұған қоса, сарапшылар хабарламалар ашық болған жағдайда жасанды интеллект пен жарнамалық алгоритмдерге деректерді өңдеу әлдеқайда жеңілге түсетінін алға тартады. Дегенмен, Meta компаниясы жеке хабарламалар жасанды интеллект модельдерін оқыту үшін ешқашан қолданылмайтынын қадап айтты.
Толық қорғаныс (E2EE) жүйесі дегеніміз не?
Шифрлау — бұл хатты немесе ақпаратты тек жіберуші мен қабылдаушы ғана оқи алатын арнайы кодқа айналдыру тәсілі. Қазіргі таңда мұндай жоғары деңгейлі қорғаныс жүйелері WhatsApp, Signal, iMessage және Google Messages платформаларында әлі де сәтті жұмыс істеп тұр. Тіпті Telegram желісінің өзінде тек «құпия чаттарда» ғана осындай қорғаныс қолданылады. Бұл функцияның жойылуы Instagram-дағы хат алмасудың мүлдем қорғаусыз қалатынын білдірмейді, бірақ бұрынғыдай «абсолютті құпиялық» кепілдігі бұзылды деген сөз.
Цифрлық қауіпсіздікті қалай сақтап қаламыз?
Егер сіз бұған дейін Instagram-да құпия чаттарды белсенді пайдаланған болсаңыз, енді белгілі бір сақтық шараларын жасағаныңыз жөн. Ең алдымен, өзіңіз үшін маңызды хабарламаларды, жеке фотосуреттер мен медиафайлдарды алдын ала құрылғыңызға жүктеп алып, қауіпсіз жерге сақтап қойған артық етпейді. Сондай-ақ, цифрлық қауіпсіздік мамандары толық шифрлауы жоқ платформаларда банк карталарының құпия сөздерін, жеке құжаттарды немесе өзге де өте маңызды мәліметтерді ешкіммен бөліспеуге кеңес береді. Алдағы уақытта Meta-ның бұл шешімі басқа да әлеуметтік желілердің саясатына әсер етуі әбден мүмкін. Сондықтан, ғаламтордағы жеке қауіпсіздігіңізге әрдайым жауапкершілікпен қарағаныңыз абзал.
Дональд Трамптың Қытайға сапары: Иран мәселесі және геосаяси келіссөздер


