Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында маңызды заң жобасы бірауыздан қабылданып, Сенаттың қарауына жолданды. Бұл құжат еліміздің марапаттау жүйесіне үлкен жаңалық әкеліп, қоғамдағы ізгілік, руханият пен ғылымды дәріптеуге бағытталып отыр. Заң жобасы аясында елімізде жаңа мемлекеттік ордендер – «Мейірім», «Қожа Ахмет Йассауи» және «Әл-Фараби» ордендері бекітілмек.
Бұл тарихи шешім мемлекеттің әлеуметтік, рухани және ғылыми-мәдени салаларға деген ерекше қамқорлығын айқын көрсетеді.
«Мейірім» және «Қожа Ахмет Йассауи» ордендерінің маңызы
Мемлекет басшысы 2025 жылдың 5-желтоқсанында өткен «Алтын сапа» және «Парыз» сыйлықтарының лауреаттарын марапаттау рәсімінде қоғамдағы ізгілік пен жанашырлықты дәріптеу мақсатында жаңа марапат түрін енгізуді тапсырған болатын. Осы тапсырмаға сәйкес, ел игілігі үшін қайырымдылық жасап, мұқтаж жандарға қол ұшын созған азаматтарға арналған «Мейірім» орденін тағайындау мәселесі күн тәртібіне шықты. Сонымен қатар, 2026 жылдың 21-наурызында Түркістан облысының тұрғындарымен кездесу барысында тағы бір маңызды бастама көтерілді. Бұл жиында рухани құндылықтарымызды дәріптейтін «Қожа Ахмет Йассауи» орденін тағайындау туралы ұсыныс жасалды.
Білім мен мәдениетті ұлықтайтын «Әл-Фараби» ордені
Жаңа заң жобасындағы тағы бір тарихи жаңалық – зияткерлік сала өкілдеріне арналған мәртебелі марапат. Elordainfo.kz басылымының Ақордаға сілтеме жасап хабарлауынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев он бірінші сәуірде ғалымдарды марапаттау рәсімінде жоғары мемлекеттік марапаттар тізіміне арнайы «Әл-Фараби» орденін енгізу қажет деп санайтынын жеткізді. Президент өз сөзінде былай деді:
«Бүгінгі салтанатты жиында тағы бір жақсы жаңалықты жариялағым келеді. Қазақ даласы көптеген кемеңгер тұлғалардың мекені болғанын білесіздер. Соның ішінде әлемге әйгілі ойшыл әл-Фарабидің орны ерекше. Оның мұрасы – бүкіл адамзаттың асыл қазынасы, өркениет ойының шыңы. Осыған орай, мен жоғары мемлекеттік марапаттар тізіміне арнайы «Әл-Фараби» орденін енгізу қажет деп санаймын. Бұл марапат білім мен ғылым, мәдениет пен руханият саласында зор табысқа жеткен азаматтарға беріледі».
Заңнамалық бастама және Мәжілістің шешімі
Аталмыш заңнамалық бастаманы Парламент Мәжілісінің депутаты Нартай Аралбайұлы өзінің әріптестерімен бірлесе отырып қорғап шықты. Халық қалаулысы мінберге шығып, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша арнайы баяндама жасады. Ол жаңа мемлекеттік ордендер қоғам үшін қаншалықты маңызды екенін жан-жақты түсіндіріп берді.
Жалпы отырыс барысында Нартай Аралбайұлы әріптестеріне қайырылып: «Дәл осы заң жобасын қолдауларыңызды сұраймын», – деп, Президенттің тікелей тапсырмасымен әзірленген құжатқа дауыс беруге шақырды. Нәтижесінде, 13-мамыр күні халық қалаулылары бұл маңызды заң жобасын бірауыздан мақұлдап Сенатқа жолдады. Мұндай биік деңгейдегі марапаттар жас ұрпақты ізгілікке, білімге, ғылым мен мәдениетке құштар болуға тәрбиелейтіні сөзсіз. Ендігі кезекте жаңа ордендердің ресми түрде бекітілуі қоғамдағы ізгілік пен білімнің мәртебесін жаңа белеске көтерері анық.
Автор: Аружан Султанбек
Қазақстандық ғалымдар аллергиядан қорғайтын препаратты ойлап таппақ


