Алматыда «Музей түні» естен кетпестей өтті

«Халықаралық Музей түні» жыл сайын 18-мамыр күні өтеді. Соған байланысты әлемнің түкпір-түкпірінде іс-шаралар ұйымдастырылды. Алматы қаласында 32 мұражай мен галерея, ал жалпы Қазақстан бойынша 285 музей бар.

«Музей түні» ол жай ғана көрме емес, барлық өнер сүйер қауым мен экспонаттарды байланыстыратын мереке. Іс-шараларға жай ғана қатысып қоймай, шығармашыл жандар экспонаттармен терең танысуға және ашық насихаттауға мүмкіндік алады. Алматы қаласының тарихы мен мұнда өмір сүрген тұлғалар музей іспетті күй сыйлайды.

Музей түнінде «Алматы Музейіндегі» іс-шараға қатыстық. Музей 10-нан аса залдардан тұрады. Музейде Ежелгі және орта ғасырдан бастап, қазіргі заманға дейінгі экспозициялар орналасқан. Олар: «Ежелгі және ортағасырлық Алматы», «Қазақ мемлекеттігінің бастауында», «Жетісу этнографисы», «Алматы тарихының Верный кезеңі», «Алматы XX ғасырда», «Кәсіби өнердің дамуы», «Альпинизм», «Желтоқсан», «Алматы -Тәуелсіздіктің алтын бесігі», «Рухани жаңғыру» залдары. Залдардың ішіне кірген сәтте сол заманға түсіп кеткендей боласың. Өйткені әр залда тірі сол заманның адамдары жүреді. Әртістер тура өткен ғасырдағыдай әрленіп алған, тіпті ажырату қиын.

Ерекше көзге түсетіні 20-ғасырдағы жазушы, композитор мен актерлардың қолданған дүниелері. Сондай-ақ 1986 жылы Алматы қаласындағы Желтоқсан көтерілісіне қатысқан Қайрат Рысқұлбековтың жазбалары мен ордені сақталған. Сонымен қатар, өзге де Желтоқсан ақиқатына қатысқан тұлғалардың суреттері мен жазбалары қойылған.
Кино индустриясына да ерекше мән берілген. Аңызға айналған 1970 жылы шыққан «Қыз Жібек» фильмінің материалдары мен фотосуреттері, камерасы және тағы да басқа реквизиттері музейге қойылған. Әйгілі актриса Меруерт Өтекешованың да суреттері мен киімдері сақталған. Кинорежиссер Сұлтан-Ахмет Қожықовтың жазған материалдарын да кездестіруге болады.
Өнердің барлық саласын осы музейден зерттеуге болады.

Тіпті 1934 жылы танылған Күләш Бәйсейітованың суреттерін де кездестірдік. Кеңес дәуірінің мықты композиторы әрі опера жанрын дамытқан Евгений Брусиловскийдің де жазған өлеңдері айқын сақталған. Қазақ музыкасының әйгілі күйші композиторы, дирижер Нұрғиса Тілендиевтің қолданған көзілдірік, ноталары бейнеленген қағазын, таяғын басқа да заттары мінсіз күйде тұр. Белгілі суретші, танымал картиналардың авторы, шебер Гүлфайрус Ысмайылованың да сурет салуда қолданған бояулары мен қылқаламдары қойылған. Ежелгі және орта ғасырдағы адамдардың қолданған құмырасы, қыш ыдыстары жалпы тұрмысқа қажетті заттары айқын көрсетілген. Тіпті X-XII ғасырдағы су құбырлары мінсіз сақталған, оларды жақыннан әйнектің арғы жағынан жерден көруге болады.

Әйгілі қазақстандық суретшілердің табиғат аясында, Алматы қаласының бейнесі және ауыл көрінісі сынды картиналары галереяда орналасқан. Далада түн батысымен концерттік бағдарлама басталды. Түрлі аниматорлар қала тұрғындары мен кеш қонақтарын ерекше қуантты. Осылайша керемет кештің көрермені болып қайттық.

 

Автор: Аружан Султанбек

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

ЖАРНАМАspot_img