Астанада V Еуразия экономикалық форумы басталды

Елордада халықаралық маңызға ие V Еуразия экономикалық форумы өз жұмысын бастады. Биылғы жаһандық пікірталас алаңының басты тақырыбы — «Жаһандық цифрлық бәсекедегі ЕАЭО: жасанды интеллектіге басымдық беру» деп айқындалды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев форум аясында елордаға келген Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше мемлекеттердің басшылары мен халықаралық делегация жетекшілеріне өз ілтипатын білдірді. Мәртебелі меймандар қатарында Ресей Президенті Владимир Путин, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, ЕЭК алқасының төрағасы Бақытжан Сағынтаев, сондай-ақ Армения, Куба, Вьетнам және Моңғолия елдерінің жоғары лауазымды ресми тұлғалары бар.

ЕАЭО — жаһандық экономиканың маңызды субъектісі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев форумның ашылуында сөйлеген сөзінде ЕАЭО-ның халықаралық аренадағы рөліне жоғары баға берді:

«ЕАЭО – жай ғана өңірлік интеграциялық бірлестік емес, жаһандық экономиканың маңызды субъектісі екенін түсінген жөн».

Президент қазіргі таңда дүниежүзілік шаруашылық байланыстарының бағдары түбегейлі өзгеріп, бұрын-соңды болмаған геосаяси дүрбелеңдер орын алып жатқанын атап өтті. Осындай күрделі кезеңде одаққа мүше мемлекеттер үйлесімді іс-қимылдың арқасында экономиканың орнықты дамуын қамтамасыз ете алды. Қазіргі басты міндет — теріс жаһандық үрдістерге бірлесе төтеп беріп, одақтың әлеуетін одан әрі арттыру.

Жасанды интеллект және еңбек нарығындағы өзгерістер

Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект (ЖИ) технологияларының көз ілеспес жылдамдықпен дамуы жаһандық экономикаға ықпал ететін негізгі фактор екеніне назар аударды. Халықаралық сарапшылардың болжамдарына сүйене отырып, Мемлекет басшысы мынадай маңызды деректерді келтірді:

Goldman Sachs бағалауынша, алдағы 10 жылда жасанды интеллектіні қолдану есебінен әлемдік ішкі жалпы өнім (ІЖӨ) өсімі 7 триллион долларға жақындауы мүмкін.

Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) мәліметінше, жақын жылдары ЖИ технологияларының енгізілуіне байланысты дүние жүзіндегі жұмыс орындары 40%-ға дейін қысқаруы ықтимал. Осыған байланысты жүздеген миллион адам жаңа дағдыларды меңгеруге мәжбүр болады. Қазақстан өз тарапынан ЕАЭО аясында елдердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін жасанды интеллект технологияларын «төрт еркіндік» қағидатының құралы ретінде қолдануды ұсынды.

Қазақстанды цифрлық мемлекетке айналдырудағы жүйелі қадамдар

Қазақстан «ақылды» платформаларды мемлекеттік басқару мен экономикаға сәтті енгізілуде. Елде цифрлық трансформацияны жүйелі жүргізу мақсатында 2026 жыл — Жасанды интеллект және цифрлық даму жылы болып жарияланды. Ел ішінде атқарылған басты институционалдық және технологиялық реформалар:

— Жаңа Конституцияда алғаш рет дербес мәліметтерді қорғау құқығы бекітіліп, деректерді заңсыз жинау мен пайдалануға тыйым салынды.

— Инновацияларды кешенді енгізу үшін арнайы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен тиісті дамыту жөніндегі кеңес құрылды.

— Өңірде бірінші болып әлемдік көшбасшы NVIDIA компаниясының технологиялары негізінде екі суперкомпьютер іске қосылды.

Alem.ai орталығы жанынан Tumo және Tomorrow school жаңа буын мектептері ашылып, Telegram және Presight сияқты халықаралық алпауыттардың зертханалары құрылды.

Орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні ендіру жөніндегі Президент Жарлығы аясында педагогтердің біліктілігін арттыру мен оқу стандарттарын жаңарту қолға алынды.

Қазақстан Президенті сөзінің соңында еліміздің жедел әрі сапалы цифрлық трансформацияны бірлесе жүргізу үшін ЕАЭО-ға мүше барлық мемлекеттермен тығыз серіктестік пен ынтымақтастыққа әрдайым ашық екенін жеткізді.

 

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

ЖАРНАМАspot_img