Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов қалдықтарды энергияға айналдыру саласындағы ірі халықаралық жобаларды жүзеге асыру тәжірибесі бар жетекші қытайлық «Hunan Junxin Environmental Protection Co., Ltd» компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы Дай Даогомен ресми кездесу өткізді.
Бұл туралы ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі мәлім етті. Аталған кездесу бұған дейін тараптар арасында басталған диалогтің заңды жалғасы болмақ. Осы диалогтың нәтижесінде Алматы қаласында қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату туралы маңызды инвестициялық келісімге қол қойылған еді.
Инвестиция көлемі және мемлекеттік қолдау
Кездесу барысында бірлескен экологиялық инвестициялық жобаны жүзеге асырудың алғышарттары мен барысы жан-жақты талқыланды:
Жобаға құйылатын инвестициялардың жалпы көлемі 145,5 миллиард теңгені құрайды. Өкімет басшысы Олжас Бектенов бұл жобаның еліміз үшін маңыздылығын атап өтіп, жаңа Конституцияда бекітілген негізгі басымдықтардың бірі қоршаған ортаны қорғау екенін еске салды. Осыған байланысты Үкіметке озық технологияларды тарта отырып, экологиялық жаңғырту жобаларын іске асыру міндеті жүктелген.
Премьер-министр Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің арқасында зор экономикалық мүмкіндіктер ашылғанын және Қытай еліміздің негізгі сауда серіктесі екенін айтты. Үкімет Hunan компаниясының отандық нарыққа келуін толық құптайды және бірлескен жобаға жан-жақты қолдау көрсетеді.
Құрылыс мерзімі және техникалық көрсеткіштері
Директорлар кеңесінің төрағасы Дай Даого зауыттың құрылыс жұмыстары 29-мамырда басталғанын ресми түрде мәлімдеді. Стратегиялық нысан екі жыл ішінде толық пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Зауыт іске қосылғаннан кейін ТҚҚ (қатты тұрмыстық қалдықтарды) өңдеудің ең заманауи моделі қолданылады — қалдықтар қайта өңделіп, одан электр энергиясы өндіріледі.
Жобаның негізгі техникалық және экологиялық тиімділігі:
Кәсіпорын тәулігіне 2 мың тоннаға дейін қалдықты қабылдап, қайта өңдей алады. Зауыт қалдықтардан 60 МВт-қа дейін «жасыл» электр энергиясын өндіруге қауқарлы. Зауыттың жұмысы жылына шамамен 200 мың тонна көмірқышқыл газ шығарындыларын азайтуға және полигондардың көлемін жыл сайын 800 мың текше метрге дейін үнемдеуге мүмкіндік береді.
Құрылыс кезеңінде кемінде 700 уақытша жұмыс орны ашылса, зауыт іске қосылған соң 120 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.
Үш «жасыл» орталық пен үш базаның құрылымы
Жоба тек зауыт салумен шектелмейді. Оның аясында аймақтың инфрақұрылымын жақсартуға арналған үш «жасыл» орталық бой көтереді:
-
Сенімді электрмен жабдықтау орталығы;
-
Заманауи цифрлық шешімдер үшін энергияны пайдалану орталығы;
-
Қысқы уақытта өнеркәсіптік тұтынушылар мен қалалық қажеттіліктерге таза жылу беру орталығы.
Бұдан бөлек, елімізде заманауи өндірістік жүйені қалыптастыру мақсатында үш арнайы база құрылады. Олар технологияларды тікелей енгізуге, қосалқы бөлшектер шығаруды локализациялауға, жергілікті қазақстандық мамандарды даярлауға және халықтың экологиялық мәдениетін арттыруға бағытталады.
Кездесу қорытындысы бойынша Премьер-министр Олжас Бектенов салалық мемлекеттік органдарға зауытты белгіленген мерзімде, яғни екі жыл ішінде уақтылы пайдалануға беру үшін жобаны одан әрі мемлекеттік сүйемелдеумен қамтамасыз етуді қатаң тапсырды.
Макрон АҚШ пен Ираннан тезірек бір шешімге келуін сұрады — jananews.kz


