Астанада 3 бірдей FEI турнирі қатар өткізілді

Елордамыз Астанада ат спортынан халықаралық турнирлер сериясы өз мәресіне жетті. 2026 жылғы 29-31 мамыр аралығында Астанада алғаш рет Халықаралық ат спорты федерациясының (Fédération Équestre Internationale — FEI) 3 бірдей ірі жарысы бір мезетте ұйымдастырылды. Ат спорты жанкүйерлері бұл күндері FEI әлем кубогының кезеңі, FEI World Cup Challenge финалы және CDI1*/CDI3* халықаралық сайыстарын қатар тамашалау мүмкіндігіне ие болды.

3 күнге созылған дүбірлі додада Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Бразилия, Үндістан, Беларусь, Колумбия, Марокко, Оңтүстік Африка Республикасы және өзге де мемлекеттерден келген ең үздік шабандоздар өзара бақ сынасты. Өз алаңында өткен тартысты бәсекелердің қорытындысы бойынша Қазақстан ұлттық құрамасы жалпы есепте 14 медаль жеңіп алды.

Конкур және Challenge Final: Алғашқы күндердің тартысы

Халықаралық турнирлер сериясы шымылдығын FEI Jumping World Challenge финалы мен конкурдан CSI-W әлем кубогы кезеңінің бәсекелерімен ашты. Жарыс жолында әр елдің кіл мықтылары жоғары нәтиже көрсетуге тырысты.

CSI-W FEI Jumping World Cup жарысында Өзбекстан спортшысы Хуршидбек Алимжанов «CHAMPIONS LEAGUE» тұлпарымен бас жүлдені иеленді. Қазақстандық шабандоз Бекжан Байжанұлы «KING DIAMOND» сәйгүлігімен күміс медаль еншілесе, қырғызстандық Ринат Галимов «D’ARTAGNAN Z» тұлпарымен үздік үштікті қорытындылады.

FEI Jumping World Challenge Final 2026 турнирінің алғашқы іріктеу сайысында өзбекстандық Бекзод Розмухамедов «FLORIZELL» тұлпарымен мәреге бірінші келді. Екінші орын бразилиялық Бернардо Краус Герраға бұйырса, жаңа зеландиялық Эйми Коллинсон үздік үштікті түйіндеді.

Жарыстың алғашқы күніндегі ең күрделі сындардың бірі CSI-W FEI Jumping World Cup аясындағы Equestrian Cup Гран-приінің іріктеу бағыты болды. Бұл бәсекеде қазақстандық шебер Олег Соколенко «CINDERELLA» сәйгүлігімен айқын жеңіске жетіп, көрермендерді тәнті етті. Бейтарап мәртебеде сынға түскен Сергей Петров екінші орын, ал Олеся Лукина қола медальға ие болды.

Challenge Final турнирінің екінші іріктеу кезеңінде де өзбекстандық Бекзод Розмухамедов үздік нәтиже көрсетті. Бұл сында қазақстандық Әнуар Досмаилов үздік бестіктің қатарынан көрінді. Дегенмен, биіктігі 120 сантиметр болатын финалдық шешуші бағытта бразилиялық Бернардо Краус Герра топ жарып, чемпион атанды.

Дрессура және отандық спортшылардың алтын жүлделері

Дрессура (ат үйрету) бағдарламалары бойынша өткен халықаралық сайыстарда өзбекстандық Алина Шевцова жоғары шеберлік танытып, CDI 1* (St. George), CDI 3* Гран-приі және GRAND PRIX FREESTYLE CDI 3* бағыттарының барлығында жеңіс тұғырынан көрінді. Бұл санатта отандық спортшымыз Дарья Попова CDI 1* және CDI Intermediate I бағдарламаларында сәтті өнер көрсетіп, Қазақстан қоржынына жүлделі орындар мен қола медальдар салды. Сонымен қатар, Қазақстан құрамасы конкур және кедергілерден секіру бағыттарында бірнеше алтын медальді жеңіп алды:

Қазақстан қоржынына тағы бір жарқын алтын жүлдені Раиса Соколенко салды. Ол «URAN-NAD WIGRAMI» тұлпарымен ULTIMA YANDEX CUP жарысында мәре сызығын бірінші болып кесті.

Турнирдің ең тартысты әрі экстремалды жарыстарының бірі «Six Bar Jump-Off» бәсекесі болды. Кедергілердің биіктігі 170 сантиметрге дейін жеткен бұл күрделі сында қазақстандық қыздар Нурила Турисбекова мен Ясмин Ибрагимова ерекше ерлік көрсетіп, жеңімпаз атанды. Олар ел қоржынына 2 алтын медаль сыйлады.

CSI-W AEF/Mantena CUP (135 см) жарысында Олег Соколенко «SHENANIGAN» тұлпарымен чемпион атанса, «SELLY BLUE» сәйгүлігімен екінші орынды да қатар иеленді. Бұл сында қола медаль тағы бір отандасымыз Нурила Турисбековаға бұйырды.

Турнирдің басты бәсекесі

Үш күндік халықаралық доданың ең басты және ең жауапты жарысы — кедергілер биіктігі 160 сантиметрді құраған «Grand Prix Maxima Masters Eurasia Cup CSI-W» бәсекесі болды. Дүниежүзілік деңгейдегі бұл күрделі сында бейтарап мәртебеде өнер көрсеткен Богдан Васковский жеңімпаз атанды. Ксения Хайрулина күміс жүлдеге ие болса, қырғызстандық шабандоз Камил Сабитов қола медальді жеңіп алды.

Астанада алғаш рет осындай ауқымда ұйымдастырылған халықаралық FEI турнирлер сериясы отандық ат спортының әлеуетін арттыруға және спортшыларымыздың халықаралық деңгейде тәжірибе жинақтауына үлкен серпін берді.

Бибісара Асаубаева Norway Chess Women-де тағы да басқаларды басып озды — jananews.kz

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

ЖАРНАМАspot_img