Шымкент қаласында аптап ыстықтың орнауына байланысты улы жәндіктер белсенділігі артып, тұрғындарға үлкен қауіп төндіруде. Ресми мәліметтерге сүйенсек, күннің күрт ысуынан қалада 80 адамды сарышаян шағып, олардың тең жартысы ауруханаға жатқызылды.
Ыстық ауа райында улы жәндіктердің саны күрт көбейіп, тіпті тұрғын үйлердің ішіне кіре бастаған. Мамандардың айтуынша, сарышаяндар негізінен күн көзінен тығылып, көлеңке мен ылғалды жерлерді паналайды. Осыған байланысты шаһар тұрғындары мен қонақтарына сақтық шараларын қатаң сақтау ескертіледі.
Сарышаян шаққанда не істеу керек?
Егер сарышаян шағып алған жағдай орын алса, удың ағзаға зиянды әсерін азайту үшін алғашқы минуттарда келесі іс-қимылдарды шұғыл түрде жасау қажет:
-
Ең алдымен зардап шеккен адамды қауіпсіз жерге шығарып, байбаламға салынбай, тыныштандыру қажет;
-
Жәндік шаққан аймақты таза сумен мұқият жуып, ауырсынуды басу үшін үстіне салқын компресс басқан жөн;
-
Удың қан айналымы жүйесі арқылы бүкіл ағзаға тез таралуын бәсеңдету үшін зақымданған қолды немесе аяқты мүлдем қозғалтпай, қозғалыссыз ұстау ұсынылады;
-
Кез келген жағдайда міндетті түрде жедел медициналық көмекке жүгіну қажет. Әсіресе балалар, егде жастағы қариялар және созылмалы ауруы бар азаматтар үшін сарышаян уының әсері тым ауыр болып, өмірге қауіп төндіруі мүмкін.
Дәрігер нұсқаулығы: Далада және үй ішінде қалай сақтану керек?
Шымкент қаласы гипербариялық оксигенация орталығының бас дәрігері Мадина Ермаханбетова тұрғындарға арнайы сақтық ережелерін ұсынды:
«Көбіне сарышаян адамды ұйықтап жатқан кезде шағады. Далада жерде жатпау керек деп, халыққа осындай нұсқаулық айтатын едік. Себебі ылғалды жерде жәндіктердің барлығы болуы мүмкін. Сол үшін 10-15 сантиметр биіктікте жатып, астымызға көрпешемізді төсеп, жерге жата салмауды бізде нұсқаулық ретінде беретін едік».
Мамандар мен дәрігерлер сарышаян шағуының алдын алу үшін келесі ережелерді есте сақтауға кеңес береді:
— Шөп, қамыс қалың өскен аймақтарда жүргенде өте абай болу;
— Далада міндетті түрде жабық аяқ киім киіп жүру;
— Түзде, аулада қалған киім-кешек пен аяқ киімді үстіге кимес бұрын, ішін мұқият қағып, тексеріп алу;
— Үйдің айналасын, ауланы түрлі қоқыстардан тұрақты түрде тазарту;
— Жәндіктер ішке кіріп кетпеуі үшін үй қабырғаларындағы жарықшақтар мен саңылауларды уақытылы бітеп отыру.


