ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Қостанай облысына ресми жұмыс сапарымен барды. Сапардың басты мақсаты — өңірдегі индустриалды және аграрлық сектордың даму қарқынын тексеру, сондай-ақ ірі өндірістік және инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылу барысын қадағалау.
Іс-шара аясында облыстың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері егжей-тегжейлі талданып, алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттер айқындалды.
Автомобиль жасау және ауыр өнеркәсіп
Бірінші вице-премьер өңірдің машина жасау саласындағы флагмандары мен заманауи кәсіпорындарын аралады. Нұрлыбек Нәлібаев алдымен өндірісі толық автоматтандырылған және роботтандырылған KIA Qazaqstan зауытының жұмысымен танысты. Жалпы құны $310 млн инвестиция есебінен салынған кәсіпорын жылына 70 мың автокөлік шығаруға қауқарлы. Бүгінде мұнда 800-ге жуық адам еңбек етеді (жалпы 1500 жұмыс орны қарастырылған), ал жыл басынан бері 7 мыңға жуық көлік құрастырылған.
Индустриалды аймақта орналасқан «KamLitKZ» зауыты ауыр жүк көліктеріне арналған автокомпоненттер шығарумен айналысады. Делегация зауыттың шойын құю өндірісінің жұмысын көрді. Өткен жылы бұл мекеме 654 мың тонна өнім өндіріп, оның басым бөлігін экспортқа жөнелткен.
Сонымен қатар, Нұрлыбек Нәлібаевқа өңірдегі энергетикалық қауіпсіздікті арттыратын маңызды бастамалар — газ-химия кешені мен Ақтөбе – Қостанай магистральдық газ құбырының құрылыс жобалары таныстырылды.
Көлік-логистикалық әлеует және Инфрақұрылым
Өңірді халықаралық жүк тасымалының маңызды торабына айналдыру бағытында бірнеше стратегиялық нысандар тексерілді:
«Тобыл» көлік-логистикалық кешені (КЛК) жалпы құны 64 млрд теңгеге жуық болатын ірі инфрақұрылымдық жобаның құрылыс алаңында болды. Бүгінгі таңда алғашқы кезең аясында 2 723,7 метр теміржол желісі мен 26 мың шаршы метр контейнерлік алаң бой көтерген. Жоба 2027 жылы толық іске қосылғанда контейнерлік тасымал көлемі 20%-ға артып, 500 жаңа жұмыс орны ашылады. «Тобыл» КЛК» ЖШС директоры Айдын Әлімов бұл кешен іске қосылғаннан кейін өңірдің инвестициялық тартымдылығын едәуір арттыратынын атап өтті.
Теміржол және Әуе қатынасын дамыту
Теміржол вокзалындағы тәулігіне 1400-ден астам жолаушы қабылдайтын нысанды қайта жаңғырту жұмыстары қаралды. Жобаның жалпы құны — 5,3 млрд теңге, қазіргі уақытта дайындық деңгейі 57%-ды құрайды. Қала үшін стратегиялық маңызы бар Арқалық әуежайын қалпына келтіру жобасы таныстырылды. Жалпы ауданы 3 мың шаршы метр болатын жаңа жолаушылар терминалының құрылысы 80%-ға аяқталған.
«Арқалық қаласында жаңадан бой көтеріп жатқан ірі ғимараттардың бірі осы болады. Әуежай Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен салынып жатыр. Сондықтан жұмысты белгіленген мерзімде ғана емес, жоғары сапамен аяқтау қажет», — деп шегелеп айтты Нұрлыбек Нәлібаев.
Мұнымен қоса, жұмыс тобы «Орталық – Батыс» көлік дәлізін дамыту және Тобыл қаласындағы «Астана» шағын ауданындағы тұрғын үй құрылысының барысын бақылады (мұнда жоспарланған 154 көпқабатты үйдің 10-ы дайын, тағы 13-і биыл беріледі).
Аграрлық сектор және Тамақ өнеркәсібі
Өңірдің ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу әлеуетін арттыру мақсатында «Баян Сұлу» фабрикасының «Кондитерлік астана» жобасы ұсынылды. Жаңа өндірістік кешен жылына 13 мың тоннаға дейін өнім шығаруға қауқарлы және мұнда 260 тұрақты жұмыс орны ашылған. Фабриканың басқарма төрағасы Тимур Садықов бұл кешен халықаралық нарықтағы позицияны нығайтуға серпін беретінін жеткізді.
Сондай-ақ, болашағы зор екі ірі жоба — астықты терең өңдеу зауыты мен экологиялық таза тұрақты авиациялық отын (SAF) өндіру зауытының жоспарлары таныстырылды.
Сапар қорытындысы мен бірінші вице-премьердің тапсырмалары
Жұмыс сапарының соңында Нұрлыбек Нәлібаев өңір басшылығы мен жауапты ведомстволарға нақты міндеттер жүктеді:
-
Инвестициялық жобаларды қолдау, экспортты және индустриялық аймақ инфрақұрылымын дамыту;
-
«Тобыл» логистикалық кешенін қаржыландыруды жеделдету және АӨК өнімдерін терең өңдеу;
-
Тұрғын үй құрылысын жеделдетіп, сапасын қатаң бақылауда ұстау;
-
Алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстарын күшейту;
-
Энергетика, көлік және коммуналдық инфрақұрылым салаларындағы стратегиялық жобаларды уақытылы аяқтау.


