Қызыл кітапқа енген Тянь-Шань қоңыр аюының популяциясы артуда

Жоңғар Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде Қазақстанның Қызыл кітабына енген Тянь-Шань қоңыр аюының популяциясы өскені байқалды. Мамандардың мәліметінше, соңғы 4 жыл ішінде бұл бірегей жыртқыштардың саны 283-тен 299 басқа дейін көбейген.

Парк қызметкерлері мұндай оң динамиканы табиғат қорғау жұмыстарының жүйелі жүргізілуі мен жануарлар дүниесіне жасалған тұрақты мониторингтің тікелей нәтижесі деп бағалайды.

Төрт жылдық егжей-тегжейлі талдау нәтижесі

Ұлттық парктің инспекторлары күнделікті бақылау жүргізіп, тұрақты түрде есепке алу жұмыстарын ұйымдастыруда. Аюлардың популяциясына қатысты зерттеулер жайында «Жоңғар Алатауы» МҰТП Жануарлар дүниесін қорғау және өсімін молайту бөлімінің аға инспекторы Жәнәлі Құмарғалиев мәліметтермен бөлісті:

Қазіргі уақытта аюлар негізінен таулы-орманды аймақтарды тұрақты мекендейді. Мамандар 2021–2025 жылдар аралығындағы кезеңге егжей-тегжейлі талдау жүргізді. 2021 жылғы алғашқы есепте 283 аю тіркелсе, жүйелі қорғау шараларының арқасында 2025 жылға қарай олардың саны 299-ға жетті. Жоңғар Алатауы ұлттық паркі өзінің өте бай фаунасымен ерекшеленеді. Көпжылдық бақылау қорытындысы бойынша мұнда құстардың 170 түрі, бауырымен жорғалаушылардың 8 түрі, сүтқоректілердің 49 түрі және омыртқасыздардың 700-ден астам түрі тіршілік етеді. Осы бай жануарлар әлемінің 26 өкілі Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген.

Қар барысы мен өзге де сирек жануарларды қорғау

Мамандар Орталық Азиядағы ең сирек кездесетін әрі жасырын жыртқыштардың бірі — қар барысының (ілбіс) популяциясын сақтауға да ерекше көңіл бөлуде. Ілбістің негізгі мекені ұлттық парктің Алакөл филиалы саналады, ал Сарқан және Лепсі филиалдарында бұл жыртқыш әлдеқайда сирек ұшырасады. Қар барысын зерттеу мақсатында мемлекеттік инспекторлар ғылым бөлімінің мамандарымен бірлесіп 200-ден астам ғылыми экспедиция өткізді. «Жоңғар Алатауы» МҰТП Жануарлар дүниесін қорғау және өсімін молайту бөлімінің басшысы Молдахан Жанарбек бұл бағыттағы ауқымды жұмыстарды былай деп баяндады:

«Ауқымды жұмыс істелді — біз парктің жалпы аумағының шамамен 90 пайызын қамтыдық. Фототұзақтар орнатып, іздерді тіркедік, визуалды бақылау жасадық. Кешенді зерттеулердің қорытындысы бойынша парк аумағында тұрақты түрде 25-тен 30-ға дейін ілбіс мекендейтінін анықтадық».

Ұлттық парк аумағында ілбіс пен қоңыр аюдан бөлек Түркістан сілеусіні, маңұл, тас сусары және Тянь-Шань арқары сияқты ірі әрі сирек кездесетін сүтқоректілер де тіршілік етеді.

Туристер мен жергілікті тұрғындарға ескерту

Қоңыр аюлар санының артуына байланысты парк қызметкерлері туристер мен жергілікті тұрғындарға қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауды ескертеді. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін мамандар ережелерді орындауға кеңес береді:

Таулы аймақтарға жалғыз бармау, сапарға тек арнайы гидтердің немесе мемлекеттік инспекторлардың сүйемелдеуімен шығу. Жабайы жануарларды өзіне тартуы мүмкін тамақ қалдықтарын табиғат аясында қалдырмау және барлық тұрмыстық қоқысты демалыс орнынан өздерімен бірге толық алып кету.

 

Елбасы Бейбітшілік кеңесінің Аға кеңесшісі Арье Лайтстоунды қабылдады — jananews.kz

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

ЖАРНАМАspot_img