Алматы қаласындағы құқықтық тәртіп пен қауіпсіздік мәселелеріне қатысты маңызды статистикалық көрсеткіштер жарияланды. 2026 жылдың алғашқы 5 айының қорытындысы бойынша шаһардағы жалпы қылмыс деңгейі едәуір төмендеген.
Алайда, құқық қорғау органдарының жүргізген ресми талдауы қалада жасалатын құқық бұзушылықтардың басым бөлігі сырттан келген азаматтарға тиесілі екенін көрсетті. Алматы қалалық Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында мәлімдегендей, қазіргі уақытта шамамен 7 мың полиция қызметкері мегаполис тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігін тәулік бойы қамтамасыз етуде.
Қылмыс деңгейінің төмендеуі және құқық бұзушылық сипаты
Ресми ақпаратқа сәйкес, Алматыда қылмыс деңгейі 3 жыл қатарынан тұрақты түрде төмендеп келеді. Биылғы бес айда қылмыс көрсеткіші 10,9 %-ға азайса, құқық бұзушылықтарды ашу көрсеткіші 5,6 %-ға артқан. Әсіресе, қоғамдық орындарда және бұрын сотты болған адамдар тарапынан жасалатын қылмыстар саны айтарлықтай қысқарды.
Десе де, құқық қорғау органдары үшін өзекті мәселелер әлі де бар. Жүргізілген талдау жұмыстары қаладағы қылмыстардың 80 %-ынан астамын басқа қалалар мен өңірлерден келген адамдар жасайтынын айқындады. Сонымен қатар, ауыр санаттағы құқық бұзушылықтардың едәуір бөлігі алкогольдік ішімдік тұтынып, мас күйде болған кезде жасалатыны белгілі болды.
Жедел-профилактикалық іс-шаралар мен «Алко-стоп» нәтижелері
Қоғамдық қауіпсіздікті нығайту мақсатында қала аумағында патрульдік бақылау күшейтіліп, тұрақты түрде рейстер ұйымдастырылуда. Соның ішінде «Алко-стоп» акциясы аясында 625 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ішімдік өнімдерін заңсыз саудалаған 243 кәсіпкер жазаланып, заңсыз айналымнан жалпы құны 40 миллион теңгеден асатын 13 тоннадан астам алкоголь тәркіленді.
Көші-қон заңнамасын ретке келтіру бағытында ұйымдастырылған «Қоныс» жедел-профилактикалық шарасы кезінде тиісті тіркеуі жоқ 7,8 мыңнан астам азамат және көші-қон ережелерін бұзған 700-ден астам шетелдік анықталып, заң алдында жауап берді. Олардың ішінде 174 шетел азаматы ел аумағынан ресми түрде шығарылды.
Интернет-алаяқтық, есірткімен күрес және цифрлық бақылау
Заманауи киберқылмыспен күрес бағытында да оң динамика қалыптасты. 5 ай ішінде интернет-алаяқтық фактілері 14,2 %-ға азайған. Полиция қызметкерлері екінші деңгейлі банктермен бірлесе отырып, жалпы сомасы 50 миллион теңгеден асатын 67 алаяқтық әрекеттің алдын алды. Оған қоса, қылмыстық мақсатта қолданылған 20 мыңға жуық интернет-ресурс бұғатталды.
Есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл желісі бойынша 342 құқық бұзушылық әшкереленіп, заңсыз айналымнан 143 келіден астам есірткі заты тәркіленді. Заңсыз заттарды насихаттап, таратқан мыңнан астам интернет-сайттың жұмысы тоқтатылды. Жол қауіпсіздігі бойынша жыл басынан бері 1,4 миллионнан астам жол қозғалысына қатысушы жауапқа тартылып, көлікті мас күйде басқарған мыңнан астам жүргізуші ұсталды. Олардың ішінде 1 400-ден астам адам көлік жүргізу құқығынан айырылды.
Қазіргі таңда Алматы шаһарында қауіпсіздікті қамтамасыз ететін 200 мыңнан астам видеокамера жұмыс істейді. Олардың ішіндегі 19 мыңнан астам заманауи құрылғы бейне-талдау жасауға қабілетті арнайы жасанды интеллект технологияларымен жабдықталған. Қалалық полиция қызметінің мәлімдеуінше, Алматы аумағындағы криминогендік жағдай толықтай бақылауда және қоғамдық тәртіпті сақтау бағытындағы кешенді алдын алу шаралары алдағы уақытта да жоспарлы түрде жалғаса береді.
Еліміздегі ғалымдар тозған жайылымдарды қалпына келтіру технологиясын патенттеді — jananews.kz


