Еліміздің агроөнеркәсіптік кешенін дамыту, отандық бау-бақша шаруашылығының импортқа тәуелділігін азайту және жеміс-жидек өнімдерінің сапасын халықаралық стандарттарға сай арттыру мақсатында тарихи маңызы бар бірегей жоба іске асырылуда.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, министрліктің тікелей қолдауымен Қазақстанда алманың вирустан таза көшет материалын өндірудің ғылыми негізделген заманауи жүйесі қалыптаса бастады. 2024–2026 жылдарға арналған бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру шеңберінде қолға алынған бұл пилоттық бастама — Қазақстан тарихындағы осы бағыттағы алғашқы әрі әзірге жалғыз стратегиялық жоба. Ол отандық және шетелдік сұранысқа ие алма сорттары мен телітушілерін (көшет егілетін негізді) заманауи биотехнологиялық әдістер арқылы қауіпті өсімдік вирустарынан толық арылтуды көздейді.
Сауықтырылған отандық сорттар мен ғылыми зерттеулер
Жоба аясында отандық ғалымдар мен биолог мамандар ғылыми және өндірістік бақтарда өсірілетін алма ағаштарына вирустық аурулардың бар-жоғын анықтау үшін ауқымды зертханалық зерттеулер жүргізді. Кешенді биотехнологиялық жұмыстардың нәтижесінде «Жетісу 5», «АРМ-18», «Б-16-20», «Б-7-35» секілді отандық алма телітушілері, сондай-ақ елімізде үлкен болашағы бар «Айнұр», «Салтанат» және «Восход» қазақстандық алма сорттары вирустан толық тазартылып, сауықтырылды.
Нидерландтан әкелінген қор және Талғардағы алғашқы аналық бақ
Отандық жоғары сапалы көшет өндірісіне қарқын беру мақсатында халықаралық ынтымақтастық та жаңа белеске көтерілді. Жоба шеңберінде Нидерланд Корольдігінен әлемдік нарықта жоғары бағаланатын 12 түрлі алма телітушісінен 7,9 мың түп және шетелдік селекцияға жататын 20 танымал сорттан 2,2 мың түп сапалы материал әкелінді.
Осы құнды генетикалық қордың негізінде Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының Талғар өңірлік филиалының базасында аумағы 0,5 гектар болатын еліміздегі алғашқы вирустан таза аналық бақ ресми түрде құрылды. Қазіргі уақытта мамандар бұл аумақты одан ары кеңейтіп, 1,5 гектарға жеткізу үшін жаңа көшет материалдарын дайындау үстінде. Алдағы уақытта аталған ғылыми институт отандық фермерлер мен бағбандарды әлемдік деңгейде сұранысқа ие «М9», «М7», «В9», «ММ106», «М111» телітушілерімен, сондай-ақ «Гренни Смит», «Гала», «Фуджи» және «Джонаголд» сияқты танымал брендті сорттардың ресми сертификатталған, вирустан таза көшеттерімен тұрақты қамтамасыз етуді жоспарлауда.
Бұл реформа Қазақстанда сауықтырылған жеміс шаруашылығының берік іргетасын қалауға, өнімділікті бірнеше есе арттыруға, сондай-ақ еліміздің ішкі нарығын сапалы өніммен толтырып, азық-түлік қауіпсіздігін заң аясында нығайтуға септігін тигізеді.
Қазақстан ұлттық құрамасы бокстан әлем кубогында үздік үштікке енді — jananews.kz


