Еліміздің су биоресурстарын тиімді пайдалану, акваөсіру саласының инвестициялық тартымдылығын арттыру және отандық өнімдердің халықаралық нарықтағы үлесін кеңейту бағытында айтулы жетістіктер тіркелуде.
Атырау қаласында өткен «Қазыналы Каспий» халықаралық балық шаруашылығы форумы аясында Қазақстанның балық шаруашылығы кешенінің негізгі нәтижелері таныстырылып, саланы дамытудың стратегиялық бағыттары айқындалды. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Серік Сермағамбетов форум барысында мемлекеттік қолдау шаралары, жаңа заңнамалық реформалар және экспорттық әлеуеттің серпіні туралы толық мәлімет берді.
Заңнамалық қолдау және 60 миллиард теңгелік инвестиция
Мемлекеттің жүйелі саясатының арқасында еліміздің балық шаруашылығы соны серпінмен дамып келеді. 2030 жылға дейінгі Балық шаруашылығын дамыту бағдарламасы мен 2025 жылы қабылданған «Акваөсіру туралы» жаңа Заң аясында балық өсірумен айналысатын кәсіпорындардың саны 4 есеге артып, 700-ге жетті. Қазіргі таңда тұқы, бекіре және албырт тұқымдас бағалы балық түррін өсіру көлемі жылына 26 мың тоннаны құрайды.
Инвесторларды ынталандыру мақсатында маңызды жеңілдіктер енгізілді. Енді халықаралық және республикалық маңызы бар су айдындарының учаскелері бизнес өкілдеріне конкурс өткізбей-ақ тікелей беріледі. Бұл қадам жобаларды іске асыру мерзімін айтарлықтай қысқартты. Қазіргі таңда қолға алынған негізгі инвестициялық бағыттар:
— Акваөсіру саласында жалпы құны 60 млрд теңгені құрайтын 40-тан астам ірі жоба жүзеге асырылуда;
— Ең маңызды бастамалардың бірі — «Organic Fish» серіктестігінің норвегиялық озық технологияларды пайдалана отырып, Каспий теңізіндегі торлы қоршауларда теңіз форелін өсіру жобасы. Оның жылдық өндірістік қуаты 5 мың тонна өнімге бағаланған;
— Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымымен (ФАО / FAO) бірлесіп, нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру және заманауи технологияларды енгізу жұмыстары жүргізілуде.
Өңдеу өндірісі және әлемдік экспорт географиясы
Балық өнімдерін терең өңдеу саласы да жоғары нәтижелер көрсетуде. Бүгінде Қазақстанда 73 балық өңдеу кәсіпорны жұмыс істесе, олардың 18-і тікелей Жайық-Каспий бассейнінде орналасқан. Бұл кәсіпорындарда 3 мыңнан астам маман еңбек етеді. Ең бастысы, отандық 20 ірі кәсіпорын өз өнімдерін Еуропалық Одақ нарығына заңды түрде экспорттауға құқылы ресми лицензияға ие болды.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша отандық балық өнімдері нарығының жалпы көлемі 15 %-ға өсіп, 108,9 мың тоннаға жетті. Қазақстан өзінің балық тауарларын Еуропалық Одақ елдері, Қытай және Ресейді қоса алғанда, әлемнің 21 еліне тұрақты түрде экспорттап отыр. Жылдық экспорттың жалпы көлемі 21,1 мың тоннаны құрады.
Каспий экожүйесін сақтау және «E-fish» цифрлық жүйесі
Форумға қатысушылар су биоресурстарын қорғау және заңсыз балық аулаумен (браконьерлікпен) күрес мәселесін де назардан тыс қалдырмады. Жыл сайын Жайық-Каспий бассейнінде бекіре тұқымдас балықтардың уылдырық шашу кезеңінде «Бекіре» атты ауқымды табиғат қорғау акциясы ұйымдастырылады. Сонымен қатар, саланы цифрландыру аясында 2025 жылдың төртінші тоқсанында іске қосылған «E-fish» арнайы қадағалау жүйесі жоғары тиімділік көрсетті. Бұл заманауи электронды бағдарламаның көмегімен қысқа уақыт ішінде 2 мың тоннаға жуық балық өнімінің заңсыз айналымға шығуына заң аясында тосқауыл қойылды.
Бекіре тұқымдас балықтардың табиғи қорын қалпына келтіру ісіне Атырау бекіре өсіру зауыты елеулі үлес қосуда. Соңғы 30 жыл ішінде бұл кәсіпорын Каспий теңізіне 180 миллион дана шабақ жіберген. Қазіргі таңда Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен зауытты жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Бұл реформа кәсіпорынның өндірістік қуатын жылына 5 миллионнан 7,4 миллион дана шабаққа дейін арттыруға мүмкіндік береді.
Форум қорытындысында атап өтілгендей, заманауи цифрлық технологияларды енгізу және экологиялық жауапкершілік қағидаттарын сақтау Қазақстанның балық шаруашылығы кешенін халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті етудің бірден-бір кепілі болып саналады.
Елімізде вирустан таза алма көшеттеріне арналған алғашқы аналық бақ құрылды — jananews.kz


