«Атамұра» баспасынан жарық көрген бұл басылым қазақ халқының дәстүрлі баспанасы — киіз үйдің тарихын, құрылымын, жасалу технологиясын және рухани маңызын жан-жақты таныстырды.
Киіз үй қазақтың ұлттық құндылықтарын, дәстүрі мен мәдени мұрасының түп-тамырын айқындайтын баспана. Киіз жәй ғана баспана емес, ерекше технологиямен жасалған ыңғайлы үй. Қай мезгіл болмасын қыста, күзде, жазда құрылымы өзгеріп отырды. Ауа-райына байланысты қолайлы етіп жиылып, көшпелі қазақтың нағыз таптырмас баспанасы болды.
Ұлттық бренд және жаңа кітаптың басты ерекшеліктері
Тұсаукесер рәсіміне Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Кәдірбек Сегізбайұлы, филология ғылымдарының докторы, профессор Қансейіт Әбдезұлы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайнар Олжай, «Киіз үй» кітабының авторы, этнограф әрі ұлттық қолөнер шебері Бұлбұл Кәпқызы, жазушы, аудармашы Дүйсенәлі Әлімақын және Қазақстан қолөнершілер одағының төрайымы Айжан Бекқұлова қатысты. Олар жаңа басылымның мәдени, тарихи және танымдық маңызына тоқталып, еңбектің ұлттық мұраны дәріптеудегі орны мен құндылығы туралы өз пікірлерін ортаға салды.
Кітапта киіз үйдің алуан түрлері мен құрылымдық ерекшеліктері және жабдықтарын әзірлеу жолдары кеңінен баяндалады. Сондай-ақ шаңырақ жасау, киіз басу, ши тоқу, өрмек тоқу, басқұр, бау, арқан есу өнері, текемет, сырмақ, алаша, тұскиіз тағы да басқа ұлттық қолөнер арқылы дайындалатын киіз үйдің жабдықтары сипатталады. Сонымен қатар киіз үйдің жиһаздары, бұйымдар мен ыдыс-аяқ түрлері туралы да толық мәлімет берілген.
Кітаптың ағылшын тілінде жарық көруі қазақ халқының мәдениетін, ұлттық құндылықтарын әлемге паш ету. Кітап арқылы шетел азаматтарына қазақтың салт-дәстүрі, ғұрыптарының маңыздылығын дәріптеу. Әрі ағылшын тілінде қазақ халқының тарихы туралы кітаптардың аз болуы түрткі болған. Өйткені шетелдіктер арасында еліміздің тарихына қызығушылық танытып, зерттегісі келетіндер саны артуда.
Көшпелілер цивилизациясы және рухани мұраны насихаттау
Тұсаукесер рәсімінде сөз сөйлеген «Атамұра» корпорациясының президенті Рақымғали Құл-Мұхаммед кітаптың мазмұны мен маңыздылығына ерекше тоқталды. Ол қолжазбамен алғаш танысқан сәттен-ақ еңбектің мәдени-танымдық құндылығын жоғары бағалағанын айтты. Сондай-ақ бұл басылымның жарық көруі «Атамұра» баспасының ұлттық рухани мұраны сақтау, насихаттау және көпшілікке кеңінен таныстыру жолындағы жүйелі жұмысының маңызды жалғасы екенін жеткізді.
Киіз үй кітабының авторы Бұлбұл Кәпқызының айтуынша, бұл еңбек – қазақтың киіз үйіне, ұлттық мұрасы мен дәстүріне деген ерекше құрмет пен сүйіспеншіліктен туған туынды.
Кітапты ағылшын тіліне аударған Дүйсенәлі Әлімақын Франкфуттағы Дүниежүзілік кітап көрмесіне бардық. Жақында ғана Пекинге барып Қытайды таң қалдырып келді, енді Дүниежүзінің кітап көрмелеріне барады деп ойлаймын. Себебі бұл біздің қазақтың баспана мәдениетін сонау ерте ғасырдан қазірге дейінгі біздің тұрмыс-тіршілігімізді шетелге бірден таныстыратын осы кітап болады. Шетелде болғанда біз айтамыз, бірақ оның жазба нұсқасы болмаса ешкім сенбейді бізге, кәдімгі ауыз әдебиеті сияқты ғана қала береді, — деп мәлімдеді.
«Киіз үй» кітабы бірнеше халықаралық көрмеге қатысып, кітапсүйер қауымның жоғары бағасына ие болды. Сонымен қатар басылым оқырмандар тарапынан үлкен сұранысқа ие болуда. 2025 жылы ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы ұйымдастырған байқауда кітап Бас жүлдені жеңіп алып, ұлттық мәдени мұраны насихаттаудағы ерекше құндылығы жоғары бағаланды.
Автор: Аружан Султанбек
Сәбиін көтерген курьер-анаға қандай көмек көрсетілді? — jananews.kz


