«Қайрат» «Оқжетпесті» ойсырата жеңіп, турнир кестесінде көш бастады

Қазақстан Премьер-лигасының кейінге қалдырылған ХV туры аясында алматылық «Қайрат» өз алаңында Көкшетаудың «Оқжетпес» клубын қабылдап, 5:0 есебімен ірі жеңіске жетті.

Матчтың алғашқы минуттарынан белсенділік танытқан алматылық ұжым бірінші таймда-ақ ойын тағдырын шешіп тастады. Испаниялық шабуылшы Марк Гуаль 30 және 36-минуттарда қос гол соғып, дубль авторы атанса, 42-минутта Жоржиньо есепті еселей түсті. Кездесудің екінші кезеңінде көкшетаулықтар тарапынан жасалған шабуылдар нәтиже бермеді. Есесіне, матч соңында «Қайрат» сапынан Эдмилсон (79-минут) және Азамат Тұяқбаев (90-минут) тағы екі гол соғып, есепті еселей түсті.

Осы жеңістен кейін «Қайрат» 18 ойыннан 39 ұпай жинап, ҚПЛ турнир кестесінде ресми түрде бірінші орынға көтерілді. Ал еншісінде 37 ұпайы бар Шымкенттің «Ордабасы» клубы «Қайратқа» қарағанда 3 ойын кем өткізген күйде екінші сатыда келеді. Чемпионаттың кезекті ХVІ турының ойындары 3, 4 және 5 шілде күндері жалғасады.

 

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

ЖАРНАМАspot_img