Отандық өнім экономикаға қалай әсер етуде?

Қазақстанда өңдеуші өнеркәсіпті дамыту, агроөнеркәсіптік кешенді жаңғырту және отандық өндірушілерді кешенді қолдау бағытындағы мемлекеттік саясат нақты нәтижесін беруде.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес экономиканы әртараптандыру, жоғары деңгейде өңделген өнім көлемін ұлғайту және қазақстандық тауар өндірушілердің әлеуетін арттыру басты басымдыққа айналды. Үкімет мәліметінше, бұл шаралар өндіріс көлемін өсіріп, жаңа жұмыс орындарын ашуға, экспортты арттыруға және ішкі нарықтағы бағаның тұрақтылығын қамтамасыз етуге жол ашуда.

Өнеркәсіпті қаржыландыру және офтейк-келісімшарттар

2026 жылдың алғашқы алты айында жер қойнауын пайдаланушылар мен квазимемлекеттік сектор отандық кәсіпорындармен жалпы сомасы 466,1 млрд теңгеге офтейк-келісімшарттар мен ұзақмерзімді шарттар жасасты.

«Қазақстандық тауар өндірушілердің тізілімі» жүйесінде 6,6 мыңнан астам компания тіркеліп, нақты өндірістерді қолдау тетігі енгізілді. «Бәйтерек» холдингінің капиталы 1 трлн теңгеге дейін ұлғайтылды. Кәсіпкерлікті қолдауға арналған жалпы қаржылық мүмкіндік 8 трлн теңгеге жетіп, оның 4 трлн теңгеден астамы игерілді. Қолдау алған 8 мыңнан астам субъектінің 96%-ын шағын және орта бизнес (ШОБ) өкілдері құрайды.

Өңдеу өнеркәсібі және индустриялық жобалар

Өңдеуші өнеркәсіпте биылғы алты айдың қорытындысы бойынша өсім 9,8%-ды құрады. Қазіргі таңда елде 18 арнайы экономикалық аймақ, 67 индустриялық және 34 шағын өнеркәсіптік аймақ жұмыс істеп тұр. Президенттік пулға енгізілген 17 ірі жоба аясында автомобиль жасау, металлургия, мұнай-газ химиясы және түсті металлургия салаларында жаңа өндірістер іске асырылуда.

2026 жылға жалпы құны 1,7 трлн теңгені құрайтын 200 жаңа индустриялық жобаны іске асыру көзделген. Аталған жобаларды пайдалануға беру арқылы отандық азаматтар үшін 18 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны ашылады.

Жобалар толық қуатына шыққанда жыл сайын 1,5 трлн теңгенің өнімі шығарылып, оның 500 млрд теңгесі экспортқа бағытталады.

Агроөнеркәсіптік кешен және азық-түлік қауіпсіздігі

Агроөнеркәсіптік кешенде де оң динамика байқалады. Бірінші жартыжылдықта ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 4,4%-ға өсіп, 2,2 трлн теңгеге жетті. Салаға салынған инвестициялар 36,4%-ға, ал азық-түлік өндірісіне бағытталған инвестициялар 2,7 есеге артқан.

— Жалпы егіс көлемі 23,8 млн гектарға жетіп, майлы және жем-шөп дақылдары ұлғайды. Ірі қара, жылқы және түйе саны өсіп, ет, сүт, жұмыртқа өндірісі артты.

— 5%-дық жеңілдетілген лизинг бағдарламасына бөлінетін қаржы 350 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды. Елдегі 10 ірі зауыт тракторлар мен комбайндарға деген ішкі сұраныстың 90%-ын қамтамасыз етуде.

— Азық-түлік өндірісінің нақты көлем индексі 114,7%-ды құрады. Қазақстан негізгі азық-түлік тауарларының 80-100%-ын өз өндірісі есебінен жабуда.

Импортқа тәуелді құс еті, балық, шұжық өнімдері, ірімшік, қант және алма өндірісін ұлғайту бойынша жаңа жобалардың іске асырылуы ішкі нарықтағы баға тұрақтылығын сақтауға мүмкіндік береді.

Қазақстандық триатлоншы Еуропа кубогында алтын иеленді — jananews.kz

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

ЖАРНАМАspot_img